Алла Тағала кешіруге себеп іздейді
Алла Тағала кешіруге себеп іздейді

Иман етіп, ізгі амал жасағандар Алла Тағала кеңшілігімен жәннатқа кіреді. Бұл жөнінде имам Тахауи: «Пенде жәннатқа Алла Тағаланың кеңшілігімен, ал тозаққа әділдігімен кіреді. Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын): «Алла Тағаланың рақымынсыз ешкім жәннатқа кірмейді» - деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Сіз де ме?» – деді. Пайғамбар: «Иә, мен де. Тек егер Алла Тағала рақымына бөлесе ғана», – деп жауап береді.

Иманның шарттарын қабылдап, мұсылман болғандарды Мейірімді жаратушымыз кешіруге себеп іздейді. Ол үлкен не кіші амал, тіпті түкке тұрмайтын, маңызы жоқ боп көрінген іс болуы да мүмкін. Осы жерден ықылас деген мәселе алдыға шығады. Яғни, қандай істі де Алланың разылығы үшін ғана жасау керек. Амалдың үлкен-кішілігіне мән бермей, бар жан-тәнімен ықыласты Құдайға бұру қажет. Ықыласты ояту және намаз құлшылықты ықыласпен орындау жайында факиһ Әбу Ләйс Самарқанди былайша көркем мысалмен түсіндіреді: «Сендер намаз оқып жатқан шопанды көрдіңдер ме? Оның айналасында тек қана қойлар, өзі ортасында тұрып намаз қылады. Ол қойлардан мақтау-мадақтау күте ме? Әрине, жоқ! Біз де өзімізді намазда солай ұстауымыз керек. Адамдар арасында құлшылық қылғанда, адамдардың мақтауы мен таңданысын күтпеуіміз қажет. Бүкіл амалыңды Алланың разылығы үшін ғана жасаңыз».

Исламның ұлық тұлғалары барлық амалын ықыласпен жасауға қатты мән беріп, ғұмырының соңына дейін берік қалыпта ұстаған. Әділеттілігімен әйгілі Омар халифа қайтыс болғанда араға бірнеше ай салып, баласы Абдулланың түсіне кіреді. Екеуінің арасында мынадай диалог өрбиді. Омар:

- Осыншама уақыт бойы Алла Тағалаға есеп бердім.

- Қай амалың үшін кешіріп, жәннатқа кіргізді? – дейді Абдулла.

- Бір күні көшеде келе жатқанымда балалардың кұйтымдай құсты ұстап ап, жіппен матап, ойнап жүргенін көрдім. Дереу құсты олардан сатып алдым да жібін шешіп, босатып еркіне қоя бердім. Алла Тағала осы амалым үшін мені кешіріп, мейіріміне бөледі, - дейді Омар Фаруқ.

Бір замандарда хадис жазып сақтаушы мұхаддис өмір сүріпті. Ол уақыттарда адамдар жазып сызуға қауырсын мен сия қолданатын. Бір жолы хадис жазу барысында ол қауырсынды сияның құтысына батырып алғаны сол еді, әлдеқайдан шыбын ұшып келіп, қауырсынның ұшына қонады. «Шыбын шөлдеген болуы керек» деп ойлаған мұхаддис оның бояуды жалап алғанынша күтеді. Сәлден соң шыбын белгісзі жаққа ұшып кетеді. Мұхаддис бұл өмірден өткенде бір кісі оны түсінде көріп, Алланың онымен қалай есептескенін сұрайды. Ол жағдайының өте жақсы екенін, Алла Тағаланың кешіріміне ие болғанын айтады. «Оның себебі – сіздің ұлық мұхаддис болуыңыздан әрі адамдарға көп пайда тигізгеніңізден шығар, сол үшін Алла кешірген болар» дегенде, мұхаддис шыбынмен болған оқиғаны айтып, Алланың нәзік жаратылысына мейіріммен қарағаны үшін, Оның рақымына бөленгенін айтады.

Харун Рашидтің әйелі өте тақуа жан болатын. Қажылардың шөлін басу үшін Бағдат қаласынан Меккеге тікелей құбыр салады. Жомарттығының бір көрінісі – оның сарайында Құран оқушы мыңнан аса студент тегін оқыған. Таңнан кешке дейін сарайда Құранның үні үзілмейді екен. Әйелдің жасаған қайырымдылықтарын айтып тауысқысыз. Бір күні ол өзінің құрбыларының ортасында басы жаулықсыз отырады. Сол сәт азанның даусы шығады да, Алланың есіміне құрметі үшін ол басына жаулық жабады. Кейін бақилық болғанда оны бір адам түсінде көріп, хәлін сұрайды. Ол өте керемет күйде екенін әрі Алланың кешіргенін айтады. «Қайсы амалыңыз үшін кешірілдіңіз?» деп өмірде атқарған әйгілі амалдарын тізіп шыққанда, әйел азанның даусы шыққанда Жаратушыға құрмет үшін басына жаулық жапқанда, Алла Тағала сол амалына разы болып, рақымын төккенін жеткізеді.

Пенде оқыған намазы, ұстаған оразасы, жасаған қажылығы, берген зекеті себепті жәннатқа кіре алмайды екен. Бұл құлшылықтар осы дүниедегі ішіп-жемінің ғана ақысы іспеттес. Әл-Мунзиридің «Тәръиб уә тәрхиб» кітабында сахих иснадпен, яғни дұрыс риуаятшылардың тізбегімен жеткен мынандай хадисі бар:

Екі Әлем Сардары Сүйікті Пайғамбарымыз былай дейді:

– Сахабаларым, жаңа біразда қасыма келіп кеткен Жәбірейіл (ғ.с.): «Уа, Мұхаммед! Сені адамзатқа тура жол көрсету үшін хақ Пайғамбар ретінде жіберген Аллаға ант етемін», – деп ғибратқа толы мына хикаяны баяндады: «Ертеде бір мүмин дүниені тәрк етіп, шалғайда иесіз жатқан, тірі жаны жоқ бір аралға кетеді екен. Бұл жер адамдардан және дүниелік істерден ұзақ, өзіне ыңғайлы болғандықтан бүтіндей құлшылыққа бас қояды. Біраз уақыт ғибадаттан кейін қарны ашып, шөлдей бастайды. Бірақ, азық қайдан болсын? Аралда тек тік шатқалдар, шатқалды аласұра соққан долы теңіз және өзі. Басқа ешкім жоқ.

Күн артынан апта, апта артынан ай келіп, уақыт сырғып жылжи береді. Тақуа құлдың да әлі құрып, тағаты таусыла бастайды. Өңі солып, жүзі сарғайған құл шыдай алмай: «Уа, Раббым! Саған құлшылық қылар әл-дәрменім қалмай барады, ғибадат етер күш-қуатымнан айрылмас үшін талғажау етерлік дүниелер нәсіп ете гөр!», – деп Аллаға жалбарынады. Күндердің бір күнінде құдіреті шексіз Алла шатқалдардың арасынан мұздай суық, шәрбәттай тәтті бұлақ атқылатып, нарттай қызыл анарларымен көмкерілген үлкен анар ағашын жайқалтып өсіріп қойып, тілегін орындайды.

Құл күн бойы ғибадат етіп, бұлақ басына шығып, анар ағашынан бір анарды үзіп жеп, қайта құлшылыққа бас қояды. Намаз соңында да: «Уа, Раббым! Жанымды сәждеде ал, өлген соң да денемді шірітпе, қияметке дейін сәждеде жатқан күйімнен айырма!» деп дұға етеді. Осылайша бес жүз жыл өтеді екен. Ақыр аяғында Алла Тағала құлының жанын тілегеніндей сәждеде алады.

Осыдан кейін Жәбірейіл былай дейді: «Расында да біз әлгі иесіз жатқан аралға қанша түсіп көтерілсек те әлгі мүминді сәждеде Алланы зікір етіп жатқан күйде көреміз. Қиямет жетіп, адамдар үрейленіп маһшар алаңына жиналғанда оны тағы да сол иләһи сырларға шомып, ғибадат қылып жүрген күйде көреміз. Әркім Алланың алдына шығып, есеп беріп жатқанда ол да Алланың алдына келер.

Алла Тағала оған тіл қатып, былай дейді:

– Уа, тақуа құлым! Сені рахметімнің саясына алып, кеңшілігіммен жәннатқа кіргіземін. Кел, кір! – дейді. Құл болса, былай деп жауап береді:

– Жоқ, Раббым! Жәннатты амалымның арқасында олжаладым, – дейді. Сонда Алла Тағала:

– Ей, періштелер! Құлымның жасаған ғибадат-құлшылықтары мен оған нәсіп еткен нығметтерімді таразыға тартыңдар! – дейді.

Тақуаның барлық ғибадат амалдары мен оған нәсіп еткен Алланың нығметтері таразыға тартылады. Сонда тек бір ғана көзі 500 жылдық ғибадат құлшылықтан ауыр басады. Өзге нығметтерге қарсы тартылатын құлдың басқа құлшылықтары да қалмайды.

Алла Тағала періштелерге:

– Бұл құлды жәһәннәмға лақтырыңдар! – деп әмір етеді. Сонда құл шыр-пыр болып:

– Уа, Раббым, жаңылысыппын, кешір мені! Жәннатқа тек рахметіңмен ғана кіреді екенмін! – деп жалбарынады. Құлының бұл сөзіне рахымы түскен Алла Тағала:

– Бері әкеліңдер оны! – дейді. Құл Алланың құзырына әкелінеді. Алла:

– Ей, құлым! Сені жоқтан бар еткен кім еді? – дейді. Құл:

– Сенсің, уа Раббым! – деп жауап береді. Алла тағы да:

– Бұл бар ету, яғни, сені жоқтан жарату сенің амалыңмен жүзеге асып пе еді, жоқ менің рахметіммен бе еді? – деп сұрайды. Тақуа:

– Шүбәсіз, сенің рахметіңмен! – дейді. Алла Тағала:

– Бес жүз жылға жуық құлшылық етуге күш-қуатты саған кім берді? Иесіз аралда сені шәрбәт сумен сусындандырып, күн сайын тәтті анармен ырзықтандырған кім еді? – дейді құлға. Құл:

– Сенсің, уа Раббым! – дейді. Сонда Алла:

– Міне, мұның бәрі менің кеңшілігім мен рахметімнің арқасында жүзеге аспағанда, басқа не? Қане, ендеше жәннатқа кір! – дейді екен».

Міне, 500 жылдық құлшылық та бір көздің құнын өтемегенде біздің шүкіріміз не өзі? Жырып-жұлып оқыған намазымыз, үзіп-созып ұстаған оразамыз күндік нығметіміздің де шүкіріне жетпейді… Бұған үздіксіз кеп тұрған дем деген бір ғанибетті қоспағанда.

Бір әйелдің шөлде арып ашып, әбден шөлдеген итті көріп, құдықтан аяқ киіміне құйып, су алып беруі арқылы жәннатқа кіргені жайлы оқиға көпшілігімізге таныс. Алла Тағала мұсылман құлдарын кешіру үшін себеп іздейді. Әр амалымызға үлкен-кіші демей, мән беріп, ықыласпен жасауға тырысайық.

Алла тағала, кешірім, рақым
Miras KesebayMiras Kesebay
9 жыл бұрын 6661
1 пікір
Блог туралы
0
100359 68 183 1953 96