Алла Тағала кімдермен сөйлеспейді?
Алла Тағала кімдермен сөйлеспейді?

Өзекті жанға бір өлім. Тірі жан тіршілігін жасап, о дүниеге аттанады. Қиямет күні бір топ Алла Тағаланың жамалын көреді, ал екінші бір топ Онымен сөйлеседі. Ал енді бір топ бар, Жаратушы олармен не сөйлеспейді, не жүздеріне қарамайды және оларды күнәларынан тазартпайды.

Ол күні кейбір жүздер жарқырайды. Раббыларына қарайды. "Қиямет" сүресінде келген бұл аяттар жаннат тұрғындарына берілген ең үлкен нығмет – Алланың жамалын көруді меңзейді. Алланың жамалын көруден де ләззатты бір нығмет болса, ол да күмәнсіз тақуа құлдарға сыйға тартылады. Имам Муслимнің риуаят еткен хадистерінің бірінде ақырзаман пайғамбары (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Мынадай үш топ адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, оларға қарамайды және оларды ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар», – деп осы сөзді үш рет қайталайды.

"Рахман" сүресінде Алла Тағала адам баласына сөйлеуді үйреттік деп бір үлкен нығметтің бетін ашып көрсетеді. Пенденің жүрек сөзін айтып, ашынып өкінішін білдіретін, сөзін жетер жеріне жеткізіп, дертін түсіндіретін ең керек шағында, яғни қиямет күнінде оның сөзінің жерде қалып, тыңдалмай қоюынан артық азап бар ма? Ұлы Зат оларды тыңдамақ түгіл сөйлеспейді де. Мүминун сүресінің 108-аятында «...Маған сөйлемеңдер!» деген аяты мұны анық түсіндіреді. Аяттың тәфсірінде «Сендердің сөйлейтін жерлерің дүниеде еді. Сонда сөйлеп, Раббыларыңды зікір етулерің керек болатын. Дүние алаңында Жаратушыны сөздеріңмен ұлықтамағандарың секілді, бүгін де Ол сендердің арыздарыңды тыңдамайды» делінеді.

Хадистің екінші сипатындағы сөз – Алла оларға назар салып қарамайды. Рахмет назарына аса мұқтаж болатын сол күні бір жылы шырайсыз қалып қоятын бейбақтарға айтылуда. Ол күні кейбір жүздер жарқырап тұратыны – оларға Раббының жүз бұрып қарауы, ал кейбір жүздер тұнжырап, қарайып тұратыны – оларға Раббы көз салмайды. Ұлы Рақымның жай ғана бір рет қарауының өзі өте үлкен кешірім болатын күні соған зар болғандардың халі қандай аянышты! Рахметі шексіз Алланың бір рет қарамауы – не деген бір азап, не деген бір қорқыныш.

Үшінші сипатта Алла оларды тазартпайды дейді. Пенде фәни дүниеде тазаланып, бақиға таза кетеді. Ал Есеп күнінде әлгіндей адамдарды тек тозақтың оты тазалайды. Күмістің татын отпен тазалағандай. «Және олар үшін ауыр азап бар» деп аяқталады хадис.

 

Рақымсыз үш топ кімдер?

Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Мынадай үш топ адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, оларға қарамайды және оларды ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар», – деп осы сөзді үш рет қайталайды. Сонда Әбу Зәрр: «Әй, Алланың елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын адамдар кімдер?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Киімін көкіректеніп жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және затын өткізу үшін өтірік ант-су  ішкен адам», – деп жауап берді.

Киімін көкіректеніп жерге сүйретіп жүретіндер – нағыз тәкаппарлар. Мұрнын көкке шүйіріп, ешкімді менсінбей, тең көрмейтіндер. Олар қайтіп сүйкімді болсын?! Пайғамбарымыз хадисінде «Жүрегінде тәкаппарлықтың тозаңы бар адам жаннатқа кірмейді» дейді және «Алла Тағала айтады: «Тәкаппарлық – шапаным, Ұлылық – киімім (сипатым). Кімде-кім осы екеуінің біреуіне байланысты Менімен таласса, оны тозаққа лақтырамын», – деген.

Жасаған жақсылығын міндетсінетіндер – адамдық қасиеттен жұрдай, яғни сараң деуге келеді. «Сараң Аллаһтан алыс, жаннаттан алыс, адамдардан алыс, жәһаннамға жақын» деген хадис сөзімізді мақұлдай түседі. Лұқман хәкімнің «Жасаған жақсылығыңды ұмыт» деген өсиетін бойға сіңірген мұсылмандар үшін аз ғана жақсылығын міндетсіну не деген ғапылдық болар еді.

Затын өткізу үшін өтірік ант-су  ішкен адам – нағыз мұнафық, өтірікші, Ібілістің досы. Себебі Ібіліс Адам ата мен Хауа анаға Алланың атынан жалған ант ішіп, тыйым салынған жемісті жегізген.

 

Алла Тағала тағы кімдермен сөйлеспейді?

«Алла тағаланың құлдары арасында кейбіреулері бар, Алла ақырет күні олармен сөйлеспейді, оларды ақтамайды, тіпті оларға жылы шырай да танытпайды», – дейді. Сонда Пайғамбарымызды тыңдап отырған сахабалар: «Ей, Алланың елшісі, бұлар кімдер?» – деп сұраған екен. Пайғамбарымыз: «Ата-анасына қарамай, тастап кеткен баласы; сәбиін бағып-қақпай, жетімсіреткен ана; біреу өзіне қанша жақсылық жасағанмен, жақсылықты түсінбей, жақсылыққа жамандық жасаған адам», – деп жауап қайтарыпты.

Әбу Хурайрадан келген хадисте былай делінеді: «Үш түрлі адамдар бар, Жаратқан о дүниеге барғанда олармен сөйлеспейді, рахымы да түспейді, кінәларын да кешпейді. Олар: Қу медиен шөлде келе жатқан адамға бір жұтым су бермеген адам; Мал сатып алып, оны пәлен бағаға сатып алдым деген, алайда осылай көпшілікті алдаған адам; Ел басшысымен дүниелік іске уәде беріп, пайда көрсе, сертінде тұрып, пайда көрмесе, артынан өсектеп, қиянат іс жасайтын адам».

 

Зинақор қарт, өтірікші басшы және менменшіл  кедей

Сонымен қатар тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың: «Алла тағала ақыретте мына үш топ адаммен сөйлеспейді, оларды тазартпайды, назар аудармайды, олар:  зинақор қарт, өтірікші басшы және менменшіл  кедей», – деп айтқанын жеткізеді.

Ақылға салыңызшы, жәрдем тек Алладан ғана күтілетін сол бір ауыр Есеп күнінде Жаратушы иеміздің сөйлеспеуі, назар аудармауы, күнәларымызды кешпеуінен асқан қасірет бар ма? Алладан басқа қандай тірегіміз бар? Нағыз пұшаймандық осы емес пе? Бұл хадисте қарттың аппақ сақалына қарамай арсыз іс – зинақорлықтан тыйылмауы, өзіне сенген дүйім жұртты басшының алдауы, сонымен бірге тұрмысы төмен адамдардың кеуде көтеруі сөз болған. Бұлар – өте жиіркенішті істер. Бұдан жастардың зинаға баруына, қарапайым адамдардың өтірік айтуына, байлардың көкірек көтеруіне рұқсат деген тұжырым жасалмайды. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрдегі қарт адам Алла тағаланы тани алмаса, ақылын толықтыра алмаса, өзге түгіл өз қылықтарына есеп бере алмаса, мағынасыз ғұмыр сол болар. Қартайғанға дейін зина жасаудың күнә екендігін білмегендігі оның басына қиямет күні таяқ болып тиеді. Ал басшының өтірік айтуына келсек, негізінен, өтірікті көбінесе өз кінәларының жария болуынан қорыққан кісілер айтады. Ал басшы қол астындағыларға есеп бермейді. Сөйте тұра, өтірік айтуы әбестік саналады. Ал кедей кісінің тәкаппарлануына не жорық? Ауқатты кісілер байлығына сүйеніп өзге байлармен тартысады. Бірақ жарлы адамдар несіне сеніп тәкаппарланбақ?

Жағдайы төмен  кісілердің өздеріне тән бақыттары бар. Сол бақытты дұрыс түсініп, соған ие болу қандай жақсы. Қарапайым өмір сүрудің өзіне тән тәттілігі бар. Соның дәмін сезген адамның шүкірлігі де көбейеді. Шүкір ету – мұсылмандық міндетіміз. Олай болса дәйім кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа қарай ұмтылғанымыз жөн.

Алла тағала, ислам, Құран, шүкір ету, зинақор қарт, менменшіл кедей
Miras KesebayMiras Kesebay
10 жыл бұрын 9063
0 пікір
Блог туралы
0
100359 68 183 1953 96