Әлемге жіберілген рақым
Әлемге жіберілген рақым

Ол дүниеге келмес бұрын барша ғалам надандықтың қараңғылығына тұншығып жатты. Адам атына ие ардақты жаратылыс айуаннан төмен деңгейге түсіп кеткен еді. Пенденің қолымен жасалған азғындықты санап бітірем дегенше, жүйкең де шыдамайтын. Бір қауым тәтті қылығы мен балдырған тілі шығып келе жатқан бүлдіршін қызын тірідей өзі қазған шұңқырға көме салатын. Жүрегі шым етіп сыздамайтын да. Ең ақылмандары әйел деген нәзік жаратылысты «тізімде мал мен шошқадан бұрын қоямыз ба әлде кейін қоямыз ба» деп бас қатыратын. Жамандық жақсылыққа айналып, ал жақсылық мүлдем жоғалған уақыт. Адамзат тастан жасап алған меңіреу пұттарды құдай танып, ес-түссіз құлшылық ұрды. Ақ қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып, әлсіз езіліп, күштінің дәурені жүріп тұрған.

Тас қараңғылықтан кейін таң атпай ма?! Батпаққа батқан адамзатқа Жаратушының мейірімі түсті. Жер бетіне Өзінің ұлы рақымын жіберді. Пайғамбарымыз Нұр Мұхаммед (Алла Тағаланың сәлемі болсын) дүниеге қадам басты. Оның құтты қадамы осынау қараңғы дәуірге нұр боп шашылды. «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» деп Ұлы Рахман сүйіншіледі.

Иә, біздер Ақырғы елші арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, оның тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Бізге ғайып болған ақыреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүниелерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, оның дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы, шексіз нығметі.

Өмірге қадам басуымен оның рақымына әрбір жаратылыс бөленгісі келді. Ол отырған дастарқанның азығы азаюдың орнына көбеюші еді. Алып Күн өзінің миллиардтаған градус ыстық екенін біліп, оның мүбәрак жүзін күйдіріп алмайын деп, бұлтты қалқан етті. Махаббатын осылай шектеді. Алып Ай өзінің үлкендігіне қарамастан, оның мүбәрак саусағының ишарат етуімен, ортасынан қақ бөлінді. «Ләббәйк!». Әміріңе құлдық! Сенің жолыңда мың рет бөлінуге бармын» деп шексіз сезіммен бағынды.

Аяқ астындағы жансыз тастар бір-бірімен таласа хормен «Сәлем саған, ей, пайғамбар» деп куәлік айтып жатты. Бульдозермен әрең суырып алатын, тамырын тереңге жіберген зәулім ағаш оның әмірімен тамырын үзіп, қатып қалған жерді қопарып, қуанып, асығып, алдына келді де, мойынсұнған күйде «Пайғамбарлығыңа куәлік етемін!» деп кәлима айтты. Оның рақымына бөленіп, бұйрығын орындау үшін мың тамырын миллион рет үзуге дайын еді.

Таудың тасын жарып шығатын, ешкімнің ырқына көнбейтін, талайларды тұңғиығына батырған, Нұхтың кемесін тасыған мөлдір су, әмір етілгені сол еді, оның мүбәрак саусақтарының арасынан төгіле берді, төгіле берді. Мың әскер қатар тұрып шөлін қандырып, дәретін алды. Тоқтатпаса, мүбәрак саусақтың арасынан ағып, осыншама нығметтен есін жоғалтқан су қайтадан топан суға айналар ма еді.

Құрма ағашынан жасалған мінбер өте бақытты болатын. Себебі пайғамбарымыз соған сүйеніп, уағызын жасайтын. Бақытын бәріне білдірмей, үнсіз тұратын. Алайда бір күні оның жаңа мінберге сүйеніп, өзінің шетке ысырылып қалғанын көргенде, ауыр қайғы ішін өртеп ала жөнелді. Енді үнсіз қала алмады. Еркіне бағына алмай, еріксіз ыңырсыған дауысы шықты. Анасын бір сәтке көз алдынан жоғалтып алған сәби сияқты жылай бастады. Пайғамбарымыз берекелі алақанымен сипағанда, қайғының жасы қуаныштың жасына қалай алмасқанын байқамаған да болар.

Бақшада ауыр жүктен арқасы жауыр болған түйе оны көргенде өзін ұстап тұра алмады. Көзінен жасы мөлтілдеп аға берді. Ауыр еңбегіне арыз айтудан гөрі, қамшыға толы ұзақ күннің бір сәтінде оның мүбәрак жүзін көру бұйырғанынан болар жылағаны.

Ол миғражға көтерілгенде жеті қат көктің сансыз періштелері оның рақымынан бір үзім алуға, мүбәрак жүзін бір көріп, мәңгі есінде сақтап қалуға тырысып, оның жолының екі жағына сапқа тұрып, шетсіз шексіз дәліз жасады. Жәбірейіл кезінде Мұсаға, Исаға Мұхаммедтің келуі жайлы сүйінші хабарларды (Фарақлит, Ахмет) жеткізгенде, сол күнді, Құранның аяттарын жеткізетін күндерді аңсаған, сарыла күткен болар.

Біз, үмбеті, оның үйретуімен анамыздың жұмақ қақпасы екенін ұқтық, қыз баланың береке екенін түсіндік. Жалғыз, серігі жоқ Раббымыз Алла Тағала екенін білдік. Шексіз нығметтерге шүкірлік ретінде және жаратылу миссиямызды орындау мақсатында намаз оқуды үйрендік. Пайыздың, зинаның, ұрлықтың, өтіріктің, адам өлтірудің, ғайбаттың, дүниеқұмарлықтың өте жаман күнә екенін санаға құйып алдық.

Құранда «Дұха» сүресінде: «Ал, Раббыңның саған берген нығметін (шүкір ету мақсатында) айт!» дейді. Пайғамбары арқылы Алла Тағаланың адамзатқа берген нығметін санап тауыса алмаймыз. Теңіз сия, орман қаламға айналып және осының екі есесі болса да, Раббымыздың нығметін жазып біте алмас едік. Сия мен қалам түгесіліп, ал Ұлы Рахманның сөзі әлі бітпес еді. Рақымды өлшеуге бола ма? Оны шүкірмен, зікірмен, пікірмен сезіну керек, бөлену керек. Рақымға бөленген жанда не қайғы болсын.

Miras KesebayMiras Kesebay
9 лет назад 5254
1 комментарий
  • Біз, үмбеті, оның үйретуімен анамыздың жұмақ қақпасы екенін ұқтық, қыз баланың береке екенін түсіндік. Жалғыз, серігі жоқ Раббымыз Алла Тағала екенін білдік. Шексіз нығметтерге шүкірлік ретінде және жаратылу миссиямызды орындау мақсатында намаз оқуды үйрендік. Пайыздың, зинаның, ұрлықтың, өтіріктің, адам өлтірудің, ғайбаттың, дүниеқұмарлықтың өте жаман күнә екенін санаға құйып алдық.
    Жараткан Иемізге сансыз шүкірлік!
    Алла разы болсын!Жан-дүниеңді бір серпілтетін еңбек екен.
    9 лет назад
О блоге
0
100359 68 183 1953 96