Бес нығметтің қадірін біл
Бес нығметтің қадірін біл

«Ибраһим» сүресінің 34-ші аятында: «Сендерге Алла Тағала сұрағандарыңның бәрін берді. Егер сендер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Бірақ адам баласы өте залым, нығметті бағаламаушы» делінеді. Расында Алла тағаладан не сұрасақ, барлығын берді. «Біз адам баласын құрметті қылдық» деп, жердегі бүкіл затты адамға бағынышты етіп қойған. Ал адам соған лайық Раббысына құлшылық ету керек болатын. Осыншама нығметке бөлеп, ой-өрісін өсіріп, денсаулығын мықты қылып, сөйлеуді үйретіп, екі аяғын нық қылып, жер бетін кездірсе де, пенде бәрібір шүкір етпейді. Енді бір аятта: «Сендер дүние тіршілігін жақсы көріп, ақыретті тастаудасыңдар» деп адамның жалған дүниенің жетегінде кететінін ескерткен.

Бізді Жаратушымыздан артық кім жақсы білсін. Расында, біз, адам баласы сондаймыз. Біз тек көзге көрініп тұрған нәрсені ғана істегіміз келеді. Бір нәрсе істесек, оның ақысын бірден алғанды ұнатамыз. Мысалы, намаз оқысаңыз оның сауабы арғы дүниеде беріледі. Көптеген құлшылығымыздың қайтарымы ақыретте берілетіндіктен, ақысы бұл өмірде көзге одырайып көрініп тұрмағандықтан, біз оны жасауға немқұрайлымыз, құлшынып тұрмаймыз. Жамағатпен келіп намаз оқуға ерінеміз, неге? Өйткені, оның беріліп жатқан сауабын көріп тұрғанымыз жоқ. Егер әр намазға қатысқанға бес мың теңгеден берілгенде көрер едіңіз, бірде-бір адам қалмай мешітке жүгірер еді. Өйткені, көрер көзге көрініп тұр. Алайда Ұлы Рахман айтады: «Сен үшін дүниеден ақырет қайырлы. Раббың саған кейінірек береді, сен разы боласың».

Бұл өмірдің сынағына сынбай, қиындығына сабыр етіп, мұсылмандық міндетін орындаған адам жаннатқа кіргенде ғана, жаны жай тапты дей аламыз. Ал пәни ғұмырда адам жаны ешқашан жай таба алмайды, бақытты бола алмайды. Бақытты өмір жоқ, бақытты күндер бар деген сөз бар. Бәріміз бірден бақытқа кенеліп кеткіміз келеді, бірақ бақыт теңізіне бойладым деген жанның көңілі бәрібір аш болады. Өйткені мейірімді Алла бұл дүниедегі өмірге толық бақыттылық сезімін бермеген. «Хашыр» сүресінде: «Ей, иман келтіргендер! Алладан лайықты түрде қорқыңдар. Әркім ертеңгі күні үшін не істегендігіне қарасын. Сендердің не істеп жүргендеріңнен Алла толық хабардар» делінген.

Мұны пайғамбарымыздың хадисі де мақұлдай түседі: «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл. Өлместен бұрын өмірдің қадірін біл». Адам баласы өлім келген уақытта қатты қайғырады. Ізгі істерім аз, құлшылығым жеткіліксіз болды деп уайымдайды. «Күнәһарға не кәпірге ажал келген уақытта «Раббым, мені кішкене уақытқа кешіктірші, садақа берейін» дейді Құранның бір аятында. Садақа берейін деп айтуының да себебі бар. Намаз, оразаны орындауға біршама уақыт кетеді, ал садақа беру үшін бір ғана мезет жетеді. Берген садақасы қазір бара жатқан ақыреті үшін қайырлы болатынын білгендіктен солай деуде. Тірі кезіңде жақыныңа, танысыңа және танымайтын мұсылман бауырыңа көмекке мұқтаж кезінде көңілін қалдырмай қолыңнан келгенше жәрдем беруің Алла Тағаланың разылығына жетелейді.

Бақыт ғасырында екі дос сахаба өмір сүрген. Бірі шаһид болып ерте қайтады да бір жылдан соң барып екіншісі де шейіттік шәрбатын татады. Сахабалар пайғамбарымыздан екі достың қайсысы жұмаққа бірінші кіреді, қайсысының дәрежесі жоғары екенін сұрайды. Алла елшісі: «Әрине, екіншісінің дәрежесі биік. Ол арада намаз оқыды, оразасын ұстады, садақа берді» деп жауап берген. Адамға ұзақ өмір берілуінің пайдасы сол. Біздер той-томалақта ұзақ ғұмыр тілеп жатамыз. Бірақ босқа өткен ұзақ өмірдің пайдасы жоқ. Жасаған салиқалы амалдарымыз, жақсылықтарымыз болмаса, сүрген ұзақ өміріміз тек азапқа ұшыратады. Пайғамбарымыз: «Өмір жасы ұзақ болып, ізгі амалдары көп болған адам қандай бақытты» дейді хадисінде.

Әли хазіреті: «Адамдар ұйқыда. Өлгенде ғана оянады» деген. Шынында, пенде өлгенде ғана ненің не екенін ұғады. Өлім келген сәтте ақиқатты түсінеді, шындыққа көзі жетеді. Бірақ ажал жетіп тұр. Енді амал ету жоқ. Міне, өлмей тұрып өмірдің қадірін білу дегеніміз осыдан шығады. Деміміз бітпей тұрып, тіршіліктің қасиетін бекерге жаратпауымыз қажет.

Екіншісі, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл дейді хадис. Айтпаса да түсінікті, қазақтың бірінші байлық деп санаған нығметтің арқасында күліп-ойнаймыз, саяхат жасаймыз, қызмет атқарамыз, дос-бауырмен араласамыз, болашаққа жоспар құрамыз. Ауру адам бұлардың ешқайсысын жасай алмайды. Қос қолына уыстап алтын ұстатсаң да оны күлдіре алмайсың. Ол алдағы уақытын жоспарлай алмайды. Өйткені жанымен әлек адам жазыларын не жазылмасын да білмейді. Орныңнан тұра алмайтын, басыңды көтере алмайтын, саусағыңды қимылдата алмайтын дертке ұшырап қалуымыз да мүмкін. Сондай күн басқа тумай тұрып, жасай алатын амалдарды кейінге қалдырмау абзал. Оралыңның барында ойна да күл емес, керісінше Алланың разылығын табатын істерді атқарғанымыз, туыстармен қатынасты үзбей, ата-анаға мейіріммен қарап, көршіге қиындық туғызбай, ағайынға қолғабыс, жетімге жәрдем жасағанымыз жөн.

Үшіншісі, «Бір нәрсемен шұғылданып, қолыңыз босай алмай қалмастан бұрын бос уақыттың қадірін біліңіз», «Екі нығмет бар: адамдар қадірін білмей алданып жүреді. Олар: денсаулық және бос уақыт» дейді Пайғамбарымыз.

Төртіншісі, «қартаймай тұрып, жастық шақтың қадірін біл. Жастық шақ нағыз ілім қонатын, тіл үйренсе оңай меңгеретін, тау қопарып тастайтын мезгіл. Қазақта Абайдан артық оқыған адам жоқ десек, хәкімнің өзі «Жасымда ғылым бар деп ескермедім. Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қылышты мезгілінен кеш сермедім» деп бармағын тістеген. Көптеген жер ортасы жасқа келген ағаларымыз «зейнетке шыққасын, немеремді жетектеп, мешіттен мешіт қалдырм

ай намаз оқимын. Қазір мүлдем уақытым жоқ» дегенді сендіртіп айтады. Аталарымыз мұндайларға «жас кезінде торай болған, үлкейгенде шошқа болады» деген. Жастығында істеп үйренбеген нәрсені қартайғанда, отырып-тұруы мұң болғанда жасамайды. Ертең жасы жеткенде Фатихаға тілі келмей, тілі келсе де жаттай алмай жататынына күмән жоқ.

 Бесіншісі, «кедейлік келмей тұрып, байлықтың қадірін біл». Адам ылғи дәулетті болып жүре бермейді. Себебі Алла Тағала ауқатты күндерді адамдардың арасында алмастырып отырамыз дейді. «Сол кезде мешіт салып алғанымда ғой, ақша бар еді. Енді қазір оған қайда?» деп өкініштен ах ұрған жандар қаншама. «Байлықтың адалы есеп, арамы тозақ» дейді ғалымдар. Қаржыны тиісті орынға жұмсамайынша, ол иесін азаптың тұңғиығына батыра береді.

Пайғамбарымыз ескерткен бес нығмет қолда барда, қадірін білмей, өкініштен өзегіміз өртеніп жүрмесін.

 

Miras KesebayMiras Kesebay
9 лет назад 9814
0 комментариев
О блоге
0
100359 68 183 1953 96
Прямой эфир