Кәрі, ұсқынсыз болса да, бөтен қызға қарама!
Біз сондай бір заманда өмір сүріп жатырмыз: адамдардың иманы әлсіреп, тақуалық жоғалып, көбіміздің жүрегіміз дүниенің әдеміліктерімен байланып қалған. Бәрінен айқын белгінің бірі – қаракөз қарындастарымыздың жүріс-тұрысы. Көктем туысымен мұсылман қарындастарымыздың өзі киімге қатысты Исламның бұйрығына бағынбай, жабық болуға тиісті дене бөліктерін ашып, қоғамдық орында жүреді.
Сондықтан да болар, имам-ғалымдар көзді харамнан тыю, әурет дене мүшелерін жабу жайлы жиі уағыз жасауға мәжбүр. Бүгінгі күндері назарды тыйым салынған нәрселерден тыю – қиынның қиыны. Бірақ бұл қиын екен деп, қарай беруге болады деген сөз емес. Өйткені амалдың сауабы оның қиындығына байланысты құны артады. «Амалға берілетін сауап оның қандай қиындықпен жасалуына қарай» деген хадиске сүйенсек, бұрынғы дәуірлерде пенде күніне он шақты рет көзін тайдыруға мәжбүр болып, сонша сауап алса, қазір жүз не мың рет жанарды төмен түсіру арқылы сонша сауап алады. Харамнан тыйылуды бізге қасиетті Құран бұйырып тұр: «(Мұхаммед), Мүмін ерлерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас, Алла, олардың не істегендерін білуші. Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 30-31 аяттар).
Табараниден жеткен хадис-шәріпте: «Тозақ отын көрмейтін үш көз бар: Алла жолындағы күзетте сергек болған көздер; Алладан қорқып жылаған көздер; харамнан қорғалған көздер» делінген. Көз – Жаратушының бізге сыйлаған ең үлкен нығметінің бірі. Бұл нығметке шүкірмен жауап беруіміз қажет. Шүкір дегенде оны әуелден белгіленген мақсатына қарай жұмсау. Көз арқылы дүниелік мұқтаждықтарымызды өтеу, мұсылман бауырларымыз бен туыстарымызға разылықпен қарау, Құран және діни кітаптар оқу, айналадағы әсем дүниенің Ұлы Халиқтың белгілерінен екендігін көру.
Егер көзді бөтен әйелге қарауға, бауырларымыздың кемшілігін аңдуға қолдансақ, нығметке зұлымдық жасағанымыз. Құранда: «Егер (Менің нығметтеріме) шүкір етсеңдер, нығметтерімді арттырамын. Егер шүкір етпесеңдер, онда Менің азабым өте қатты» («Ибраһим» сүресі, 7 аят) деп нәтижесі қалай бітетінін көрсеткен.
Имам Ғазали кітабында былай деп жазады: «Саған көзіңді екі себеп үшін тыю қажет. Біріншісі: көзің түскен нәрсенің бәріне қолың жетпейді. Көріп, көрген нәрсеге қолың жетпей қиналғаннан гөрі, харамнан көзді бірден тыйған әлдеқайда жеңіл. Бұл осы дүниедегі зияны. Екіншісі: Жаратушы саған көз бергенде, осы дүниеде дұрыс жолда қолданып, ақыретте Алланың жамалын көргенін қалады. Алайда пәниде назарыңды харамнан сақтай алмағандықтан, бақи өмірде сол ұлы нығметтен мақұрым қалуың мүмкін екендігі жайлы өте үлкен қауіп бар.
Көз деген сондай жаратылыс, лып етіп әр нәрсеге түседі. Егер көз тыйым салынғанға байқамай түссе, оған күнә жоқ, бірақ та көзді сонда тойдырып, құмарынан шыққанша қарау немесе екінші рет қайта қарау нағыз күнә болмақ. Алла елшісі (оған сәлем және салауат болсын) айтады: «Ей, Али, бір рет көзің түскесін, екінші рет қарама. Алғашқы көруге хақың бар, екінші қарауыңа күнә жазылады» (Ахмад) дейді. Сонымен қатар: «Алла айтады: «Харамға көз салу – шайтанның улы оқтарының бірі. Кім Менен қорқып, көзін харамнан тайдырса, Мен оны иманмен сусындандырамын, ол оның тәттілігін жүрегінде сезетін болады» (Табарани, Хаким).
Ғалымдарымыздың ұйғаруымен, егер шариғат тұрғысынан мұқтаждық себеп болмаса, бөтен әйелге, мейлі ол ұсқынсыз не қартайған болсын, қарауға тыйым салынады. Қызығу қаупі болмаса, жүзі мен білезікке дейінгі қолына қарауға болады.
«Мишкәтул- масабих» жинағында келген хадисте: «Әурет жерін ашқан адамға және өзгелердің әурет жеріне қараған адамға лағынет болсын» деп айтылады. Ер адам өзге ер адамның тізе мен кіндік арасына қарауына және өзінің әурет жерін көрсетуіне болмайтыны секілді, әйел кісі де өзге әйелдің әурет жеріне қарай алмайды және өзінің әуретін көрсете алмайды. Онда ердің әйелге, әйелдің ерге тыйым салынған дене бөліктеріне тіптен қарауға болмайды. Моншаға, жағажайға баратындар үшін бұл жайлы қатты ойлану қажет.