Өлген бауырының етін жеушілер кімдер?
Өлген бауырының етін жеушілер кімдер?

Мұндай адамдар да бар ма деп тіксініп қалған боларсыз. Өкінішке орай, арамызда ондайлар өріп жүр. Олар кімдер десеңіз, мына аятқа назар аударыңыз: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар». Мұның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін Құран осылай тұжырымайды. Адам өз бауырының етін жеуге қалайша дәті барсын? Әрі бұл жерде «өліп қалған бауырың» деу арқылы адамды одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс, туыстық мейірімі сембеген бір адамның адами, қоғамдық, әрі мәдени тұрғыдан зиянды, сонымен қатар, жиіркенішті мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта «одан тіксіндіңіз» деу арқылы адам табиғатының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. «Олай болса, Алладан қорқыңдар» деу арқылы Алланың тыйым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубе етуге шақырады.

Ғайбатты пайғамбарымыз былай түсіндіреді: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы. Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың». Ғайбаттың күнәсі зина жасау күнәсінен де ауыр. Зинаны жасаған адам күнәсіне тәубе етіп, Ұлы Рахманнан кешірім алуы мүмкін. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді.

 

Өсектеуден құтылғыңыз келсе...

Біз күнделікті өмірде мән бермейтін ғайбат түрлері бар. Кейбіреулер ғайбаттан сақтанған боп көріну үшін: «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат болады ма деп қорқамын» деп жұмбақтап сөйлеуі – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ол – адамға харам ойларды құртша қаптататын, әртүрлі жорамал жасауға итермелейтін, ашық айтылған мың жаладан да бетер зілдей күнә. Өйткені, тыңдаушыны «зина жасады ма екен, арақ ішті ме екен, ұрлық қылды ма екен, әлде, адам өлтірді ме екен» деген сияқты санасын сан саққа жүгіртетін неше түрлі жаман ойларға жетелейді.

Келесі бір түрі, «мен бұны ақиқат үшін айтып жатырмын» деп, оңды-солды, ойына келгенін айту.

Біреудің физикалық бейнесін нысанаға алу. «Пәленшенің көзі қыли, соқыр, таз, бойы қысқа (бір қарыс), ұзын (ұзынтұра), беті безеу, қара түсті (капкарашка, негр)» деген секілді атаулар. Ешкім түрін, денесін, тұла бойын таңдап не сатып алмайды. Алла оны хикметімен солай жаратты. Біреудің дене тұлғасын әжуалау Алланың жаратылысын мазаққа айналдырғанмен тең. Ал Алла күллі кемшіліктен пәк. Айша анамыз пайғамбарымызға Сафия анамыздың бойының тапал екенін айтқанда: «Мына сөзіңді теңізге тастаса, түгел былғап жіберер еді» деп ғайбат еткенін түсіндірген.

Адамның мінезін мысқылдау. «Пәленшенің мінезі жаман, сараң, тәкаппар, жүйкесі жұқарған, қорқақ, адам жұмсағыш» деген сипаттар.

Діни міндеттерге қатысты «түгенше оразасын ұстамайды, намазын қатырып оқымайды, зекет бермейді» деп айту.

Дүниелік әңгімелердегі ғайбаттарға «әдепсіз, ұлттық міндетке құрметпен қарамайды, сөзшең, тамақсау, ұйқышыл» деген сөздер кіреді.

Жеке адамның киімі жайында «киімі кең, тар, ұзын, қысқа, лас, жараспайды» сынды сөздер айту. Айша анамыз: «Ешкім жайында ғайбат етпеңіз. Мен Алла елшісінің (Алланың сәлемі болсын) жанында тұрып бір әйел жайында «Мына әйелдің көйлегінің етегі неткен үлкен» деп айтқанымда, маған «Түкіріп таста!» деді. Түкіргенімде бір түйір ет түсті» деген.

«Мен ғайбат айтып тұрған жоқпын, бар-жоғы сол жерде болған оқиғаны айтып тұрмын» деп те ғайбат батпағына кіріп кететіндер өте көп.

«Мен бұны оның бетіне де айта аламын немесе айтамын». Аңдамай ғайбаттап қоятын тұсымыз осында. Есіңізде болсын, ғайбат – бауырыңыз естігенде ренжитін сөзді артынан айту. Сіз оны бетіне тік айта алсаңыз да бірақ ту сыртынан айтсаңыз ғайбат ретінде жеткілікті.

Қолмен, қас-көзбен ымдап, ишара етіп, біреудің бойының қысқа не көзінің қысық екенін, басының үлкен екенін білдіру де сол кісінің өлексесін жегенмен тең.

Біреудің сөйлеуін, жүрісін, физикалық әрекетін салу, яғни пародия жасау, сонымен қатар карикатура салу. Пайғамбарымыз бұл амалды тіптен құптамаған.

«Пәленше жасап жүрген анандай және мынандай амалдарды жасаудан мені аман сақтаған Алла Тағалаға шүкір» деп айту да ғайбаттың ішінде. Бұл амал біреуді даттау арқылы өзіңді тазаға шығару және рия жасауға алып келеді.

Адамның екінші бір тілі – қалам. Бүгінгі көптеген өсек-аяң арқылы оқырманын тауып отырған газет-журналдар ғайбатқа қалай тереңінен батып кеткен десеңші. Біреу жайлы ғайбаттап баспаға жазсаңыз да немесе әлеуметтік желіде парақшаңызға қойсаңыз да, досыңызға СМС хабарлама жіберсеңіз де, Алла тыйым салған амалдың құрамына кіреді.

Жиі қолданылатын бір сөз: «Оған жеке бас қастығым жоқ, бірақ...», «Ғайбат болмасын, алайда...». Осы тіркеспен қаншама адамды әңгімеңізде қозғап, түйреп өтсеңіз, енді кешірім сұрауға асығыңыз.

Ең ауыр ғайбаттың бірі – тұтас халық не мекенге айтылғаны. Көбіне анекдоттарда, әзіл-қалжыңда кейбір ұлтты тым төмендетіп тастаймыз. Бір қытай азаматын ғайбаттап тұрып, «ой несін айтасың, қытайлардың бәрі сондай» деп қойып қаламыз. Ақыретте барлық қытай мұсылмандары кезекке тұрып, ақысын алуға келгенде, қандай қиын жағдайда қалатынымызды ойлаудың өзі қорқынышты.

Жүрек ғайбаты деген бар. Хаққа жақын адамдар жүрегіне біреулер жайлы жаман ой, қиял, эмоция келетін болса, ғайбат еттім деп, дереу тәубе ететін болған.

 

Біреуді сыртынан сөз етуге рұқсат жағдайлар:

1. Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне қиянат жасаған адамға арызданып «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп мемлекет басшысына, сотқа немесе сол жәбірлеушіден ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады.

2. Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету жағында болу керек, әйтпесе, басқа мақсатта болса, онда ол харам болмақ.

3. Пәтуа сұраған кезде ғайбатқа рұқсат етіледі. Пәтуа сұраушы кісі «Әкем, бауырым, жолдасым не­месе пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жа­сауы дұрыс па? Одан ақымды алып, көрсеткен қиянат-жәбірінен құтылу үшін не істеуге болады?» деп айта алады. Асылы, адамдардың аттарын атамай-ақ «былайша әрекет еткен бір кісі жайлы не айта аласыз?» деуі жөн болса да, мұндай жағдайда атын атау да күнә емес.

4. Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе, не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.

5. Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен, тек та­ныту мақсатында «ана ақсақ кісі ше» немесе «ана соқыр кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сы­пайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипатта­рын қолдану арқылы танытқан абзал.

6. Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады.  Пайғамбарымыз: «Пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін (мужаһир)  адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды», – десе, тағы бір хадисінде «Ұяттан жұрдай болған адамның ғайбаты жоқ», – дейді.

Ғайбат – белгілі бір адамның сыртынан сөз айту. Дей тұрғанмен, ізгі ниетпен түзету мақсатында «кейбіреулер былай жасайды» деп жалпылама айту ғайбатқа жатпайды. Өйткені,  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «кейбіреулер неге былай-былай жасайды» деп оларды түзету мақсатында ескерту жасап отырған. Біз бұл тұста да Алла елшісінің керемет парасаттылығын көреміз. Егер біреудің атын атап көпшіліктің алдында жамандайтын болсақ, оның бізге көңілі қалып, жүрегіне дұшпандық сезім ұялауы әбден мүмкін. Ал аты аталмастан ескерту алған сана-түйсігі бар адам ол нәрседен сабақ алып, екінші рет жасамауға тырысады.

Сондай-ақ, адамның атын атап, түсін түстемей-ақ «бүгін келгендердің біреуі» деп айтқанда бұны естіген адамдар оның кім екенін білетін болса, ондай жағдайда бұл да ғайбатқа жатады. Өйткені, аты аталмаса да барлығы оның кім екенін білгендіктен, есімін жария еткенмен бірдей болып тұр.

 

Ғайбаттаушының тәубесі

Кешірім сұрауды әдетке айналдырған дұрыс. Ғайбаттаушы ғайбатталған адамға жағдайды айтып, кешірім сұрауы керек. Мысалы, «сені ғайбаттадым, кешір» деп, мүмкін болса, болған жай айтылады. Егер жағдайды баяндау барысында айтылған сөздер өткенді еске салып кісінің жүрегін қайта жаралайтын болса, онда тек «ақыңды кеш» деп, кешірім сұраған жөн. Ғайбатталған кісі де мүмкін болса барлық нәрсені егжей-тегжейлі сұрамай-ақ, парасаттылық танытып «кешірдім» дегені абзал.

Тіл түзелмей, жүрек түзелмейді. Жүрек түзелмей, иман түзелмейді. Сөйлеу күміс, үндемеу алтын. Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазылмас. Нағыз мұсылман ол – оның қолы мен тілінен ешкім зиян шекпейді.

 

өсек, ғайбат
Miras KesebayMiras Kesebay
9 жыл бұрын 4663
3 пікір
  • Өте өзекті мақала деп ойлаймын. Осы тақырыптағы мақалаларды әрбір адам қайта-қайта оқыса артықтық етпейді. Себебі, білетін адамның тілінен де ғайбат сөз шығып кетеді. Әрине, тақуалардан басқа...
    9 жыл бұрын
  • Бірақ суреті қорқынышты екен... )
    9 жыл бұрын
  • керісінше осындай жат әдеттен безіндіретін суретті қою керек
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
100359 68 183 1953 96