Ауылдық жерлерде үлкендер және жастардың арасында көпшілікке беймәлім жаман қылық бар. Арақ пен темекіні, ұрлық пен зинаны айтып отырғаным жоқ. Мешітке барып жүрген мұсылмандары да, ата сақалы аузына түскен ақсақалдары да мұны дұрыс көреді. Былайғы жұрт жиіркенетін нәрсені қалай жасап жүргенін ұға алмадым. Ол не десеңіз, ауылдың біраз тұрғындары малдың жыныстық бездерін, яғни енегін және зәр шығаратын мүшелерін жейді. Бұл жиіркенішті еттер жастардың іздеп жүріп жейтін сүйікті тағамына айналған. Осы надандықты ауылдың мешітінде пайғамбардың ұрпағымыз, руынанбыз, дін жаю – біздің міндет деп жүретін үлкен ақсақалына айтып көрдім. Жастарға уағыз етіп, түсіндіріп, тыйыңыз деп. Сондағы сенген діндар атамыздың айтқаны: «Оның несі арам? Жеуге болады. Оны шешендер де жейді. Олардың мұсылмандығы қай халықтан кем еді? Бұл мүшелерді жемейтін болсаң, онда қазы жеме. Қазы малдың нәжіс жүретін ішегінен жасалмай ма».
Ендеше жастарды кінәлап жүргенім бекер екен.
Адал ас тұтынған қазақ баласының малдың аталған мүшелерін жегенін естімегенмін. Себебі мұсылмандықты берік ұстанған халық үшін арам деп есептелген. Ханафи мәзһабында малдың жеті мүшесі желінбейді: еркек малдың екі енегі, ұрғашы малдың жыныстық мүшесі, зәр шығаратын мүшелері, еттегі бездер, өт және қан. Бұның ішінде қаннан басқасын жеу арамға жақын мәкруһ, ал қанды жеу – арам. Мүжаһид жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі болсын) қойдың екі енегі, ұрғашы мен еркек малдың жыныстық мүшесі, бездері, қуығы мен аққан қанды ұнатпады» дейді («Ислам ғылымхалы», Нұрлан Анарбаев).
Қазір қауым рухани тазалықтан ада болып барады. Әйелдер арасында жасанды түсік жасату, адамдардың бір-біріне озбырлық жасауы, алауыздық, бүлдіршіндерді зорлау көбейіп кетті. Міне, осының дені адамдардың арам аспен тамақтануына тікелей қатысты. Арам тамақты жеген адамның бойында қорқыныш болмайды. Арам тамақтың құрамындағы нәрсе адам ағзасына қоса сіңеді де, адамның мінез-құлқы бұзылады.
Доңыз еті неге арам?
Жаратушы Иеміз бір нәрседен сақтандырған болса, онда көптеген зиян жатыр. Доңыз ең әуелі бүкіл әлемдердің Раббы Алла Тағала «жемеңдер» деп тыйғаны үшін арам. Мұсылмандар шариғат тыйымдарының астарлы хикметін, зиянын білмесе де «неліктен, неге?» деместен дереу бойсұнуға тиіс. Себебі, оны бұйырып тұрған ұлы иеміз Алла Тағала. Мына дүниеге біздер сынақ үшін жіберілгенбіз. Ұлы Рахманның адал еткен нәрселері шексіз, санасаң санап бітіре алмайсың. Ал, керісінше, арам еткен нәрселері санаулы әрі шекті. Солай бола тұра, кейбір адамдар осыншама адал нәрселерді ысырып қойып, Алла Тағаланың сынақ үшін арам еткен санаулы нәрселеріне барып ұрынады. Құдды ол арамды жемесе яки ішпесе аштыққа ұрынатындай. Бойұсынудың ең ұлысы һәм ең сауаптысы – істің зияны мен пайдасын есепке алмастан, тек бүкіл әлемдердің раббы – Алла Тағала бұйырғаны үшін ғана орындау. Доңыз етінің арам болуының да әр түрлі хикметтері бар. Оларды қысқаша қайыратын болсақ:
1. Доңыздың денесінде улы заттар бар. Доңыз еті өте майлы келеді. Бұл май жеген адамның қанына сіңеді. Сөйтіп, қан май түйіршіктеріне толып қалады. Қандағы өлшемінен көп бұл май артерия тамырларының қатаюына, қан қысымының көтерілуіне және жүрек талмасына себеп болады. Бұған қоса, доңыз майының құрамында (sutoksin) «сутоксин» делінген улы зат бар. Денеге енген бұл улы заттың сыртқа шығарылуы үшін лимфа бездерінің шамадан тыс жұмыс істеуі қажет. Ал бездердің бұлай шамадан тыс жұмыс істеуі, әсіресе, жас балалардың лимфа бездерінің асқынуына және ісінуіне әсерін тигізеді. Ауруға ұшыраған баланың тамағы қатты ісігендіктен, доңыз кейпін елестетеді. Міне, сондықтан бұл ауруға медицина тілінде «доңыз ауруы» (skrofuloz) делінеді. Ауру қатты асқынған жағдайда лимфа бездері жарақатқа айналып, қатты ісінеді. Аурудың ыстығы көтеріліп, қатерлі жағдайға душар етеді.
2. Доңыздың денесінде көп мөлшерде күкірт болғандықтан оны жеген адамның организмінде өлшемнен тыс күкірт пайда болады. Ал организмдегі өлшемнен тыс күкірттің болуы шеміршек, бұлшық ет және сіңірлерге сіңіп, буындарда тұз жиналу және омыртқаның жылжуы сияқты ауруларға себеп болуы әбден ықтимал. Доңыз еті жиі желінген жағдайда денедегі қатты шеміршектер сол доңыз етінен келетін бөлшектердің әсерінен тым жұмсарып, дене ауырлығына шыдамайтын халге келеді. Бұл буындардың босаңсуына әкеліп соғады. Доңыз етін жейтін адамдардың қолдары ісіп, денелерінде май қабаттары пайда болады. Мысалы, ол адам спортпен айналысқан күннің өзінде жалқау, жайбасар халге енеді.
3. Доңызда өсу гармоны да көп мөлшерде кездеседі. Бірнеше жүз грамдық салмақпен ғана туылған торайлар алты айдың ішінде жүз килоға жетеді. Торайлардың мұншалықты тез өсіп, үлкеюі доңыздың денесіндегі өсу гармонының өте көп мөлшерде болуына тікелей байланысты. Бұл гармондар доңыздың етін жеген адамдардың денесіне де өтетіндіктен, ол адам организміне кері әсерін тигізеді. Денедегі тканьдардың ісіну мен қабынуына әкеп соғады. Мұрын, жақ, қол, аяқ сүйектерінің табиғи қалыптан тыс үлкейіп, өсуіне және жалпы дененің майлануына себеп болады. Гормандардың ең үлкен зияны – денеде қатерлі ісіктің (рактың) пайда болуына жағдай жасайды. Мал дәрігерлері еркек доңыздардың белгілі бір жастан кейін қатерлі ісік ауруына көптеп шалдығатындықтарын айтуда.
4. Доңыз етінің құрамындағы хистамин (histamine) және имидазол (imidazole) делінетін заттар адамның терісінде қышу тудырады, есекжем, бөртпе (экзема), дерматит сияқты тері ауруларға себеп болады. Бұған қоса, бұл заттар соқыр ішек, өт жолдары, тамыр ауруларына да көп жағдайда себеп. Сондықтан дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдарға доңыз етін жемеуге кеңес береді.
5. Доңыздың етін жеу салдарынан адамда пайда болатын тағы бір ауру – трихина ауруы. Доңыздар бұл ауруды трихина атты құрттары бар тышқандарды жеу арқылы өздеріне жұқтырады. Доңыздардың денесінде бұл құрт көптеп кездеседі. Бірақ трихина ауруы доңыздарға қатты әсер етпейді. Ал адамдар үшін бұл ауру өміріне қауіп төндіретіндей қатерлі ауру болып саналады. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды. Трихина құрттары, әсіресе, жақ, тіл, мойын, жұтқыншақ және көкірек бұлшықтарының тканьдарында орналасады. Сондықтан осы мүшелердің бұлшықтарының тартылып қалуына (сал болуына) себеп болады. Бұған қоса, қан тамырларының бітелуіне, менингит және мидың асқынуына әкеп соғады. Трихина ауруы кей жағдайда адам өліміне де себеп. Бұл аурудың тағы бір жаман жағы нақты емінің болмауы. Трихина көбінесе батыс елдерінде кеңінен етек алған. Мал дәрігерлерінің қатты қадағалауына қарамастан, Швейцария, Англия және Польшада трихина ауруы кең тараған. Ал, мұсылман елдерінде бұл ауру жоқтың қасы.
Медицина ғылымы дамығаннан кейін ғана доңыз етіндегі трихина сияқты зиянды құрттар мен микроптардың, улы заттардың бар екенін білудеміз. Ал Құран сан ғасыр бұрын доңызды «арам» деп кесіп үкім берген. Сондықтан доңыздың денесінде әлі де біз біле білмейтін, ғылым дәлелдей қоймаған зиянды нәрселердің жоқ екендігіне кім кепіл?!
6. Адамдар мен жан-жануарлардың табиғаты мен мінездерінің қалыптасуында жеген қоректерінің де рөлі бар. Мысалға, арыстан, қасқыр сияқты етпен қоректенетін аңдар жыртқыш болып келсе, керісінше сиыр, қой, қоян сияқты шөппен қоректенетін жануарлар жуас болып келеді. Көбіне көкөністермен қоректенетін адамдардың табиғаты жұмсақ, биязы болып келетіндігі, ал етті көбірек жейтін адамдардың табиғатының қаттылау болып келетіндігі анықталған. Қазақта адам мінезін суреттеген кезде жылқы мінезді, қой мінезді деуі де осы айтқандарымызды айқындай түседі. Доңыз – өзінің ұрғашысын қызғанбайтын, мейірімсіз хайуан. Сондықтан доңыз етін көптеп пайдаланатын адамдарда жарына, тіпті анасына деген бөгде еркектердің арам пиғылына қарсы намыс, қызғаныш сезімдері әлсірейді екен. Мұнымен қатар, мейірім, қанағат секілді қасиеттеріне айтарлықтай қаяу түсетіні байқалған. Француз ойшылы Саворин қоректенудің маңыздылығын түсіндіре келе «Маған немен қоректенгеніңді айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген екен.
Дұрыс бауыздалмаған мал еті қалай бұзылады?
Дұрыс бауыздалмаған малдың еті де денсаулыққа зиян. Мамандардың айтуынша, тоқ соқтырып немесе дәу балғамен маңдайынан аяусыз ұрып, қинап өлтірілген жануардың денесінде үрей мен қорқыныш гармондары, гемокультра, басқа да артық шлактар қалып қояды. Мұндай жолмен өлтірілген малдың бойында қан ұйып қалатыны, бұл тәсіл қоршаған ортаға инфекцияның тез таралуына жол ашатыны әлдеқашан мәлім болды. Зерттеулер бойынша мұндай жолмен өлтірілген жануар алдымен қорқып қалады. Мал қорыққан сәтте бүйрек тұсындағы бездері шошынады. Айналып келгенде, осы іспетті әдіспен сойылған малдың етін жеген адамның ағзасында қатерлі ісік ауруының қоздырғышы пайда болады. Бауыздалмаған малдың етінен жасалған тағамдар арам тамақтар болып саналады.
Адал ас рухты да түзейді
Алланың атына сойылған малдың ағзасында ешқандай зиянды процесс жүрмейді. Оның себебі бізге әлі беймәлім. Бірақ «бисмилләһи Аллаһу әкбар» дегенде кез келген төрт түлік мал мойынсұнып, тулағанын қоя салады. Оны интернеттен талай бейнефильмдерден де көрдік. Адал тағам адамның тәнімен бірге рухының да дәрежесін көтереді. Діндар тақуа кісілер ішкен асының адалынан болғанына қатты мән берген. Өйткені құлшылықтың қабыл болуы, оның ләззатын сезіну, мінез-құлықтың көркем болуы түгел соған байланысты. Бізге есімі әйгілі Әбу Ханифа, Абдулла ибн Мубарак, біздің хакім Абайымыздың да бойындағы шыншылдық пен тақуалық олардың ата-аналарының адалдық тұрғыдан таза болуынан туындап тұр. Адал қандай, арам қандай, оны өзіңіз үшін де, ұрпағыңыз үшін де біліп жүріңіз.