Албастымен арбасу
Албастымен арбасу

Елес, жын, албасты жайлы оқып, естігенім болмаса, көрген емеспін. Алайда Алла Тағалаға бет бұрып, сәждеге жығылғалы бәрі өзгерді. Намазды алғаш оқыған кезімде, намазшамды оқып болып, досым екеуміз бөлмеден шыққанымыз сол еді, алдымыздан аппақ бір ит секілді нәрсе жарықтың жылдамдығындай жылдамдықпен зу етіп өте шықты да басқа бөлмеге кіріп кетті. Ал ол бөлменің есігі жабық болатын. Екеуміз де орнымызда қаттық та қалдық. Ұшып жеткен күйі ағамызға болған жайды айтып едік, ол кісі: «Адам намазға жығылғанда кәпір жындар қорқытуға тырысуы мүмкін. Бірақ Құран оқып, намаздарыңды қаза қылмасаңдар, өздеріңді таза ұстасаңдар, олар титтей де зиян тигізе алмайды» деді.

Аппақ елес кетуін кетті. Бірақ басқа мәселе пайда болды. Намазға енді кірісе бергенде асханадан ыдыстың сынғаны, қасық-шанышқының сылдыры естілетін болды. Асханаға келіп, жарықты жағып қарасаң, ештеңе болмағандай тұрады. Есікті жауып кете бергенде қайтадан дауыстар шыға бастайды. Тағы да ағамнан жөн сұрадым. «Асхананы өте таза ұста. Жындар аузы ашық ыдыстарды бүлдіреді, таза емес ыдыс-аяққа үйір келеді. Ерінбей лас ыдысты жуып, тамақтың не судың бетін «бисмиллә» деп жауып, қоқысты далаға шығарып жүр» деді. Арада ыдыстар да сылдырлауын қойды.

Алғаш намазға бастап, рухани әлемнің ләззатына тоймай жүргенде, түнгі намазға тұруды әдетке айналдырдым. Бір түні ұйқымнан оянып кеттім. Көзім есік жақта тұрған ағама түсті. Мені намазға оятайын деген шығар деп басымды көтере бергенім сол еді, сонда барып байқадым, ағамның аяғы жерге жарты метрдей тимей тұр. Жүзіне қарап едім, маған қарап ыржиып күлді. Тура өмірдегідей. Тіліме өзінен-өзі Аятул-күрсі («Бақара» сүресі, 255 аят) оралды да кетті. Сол-ақ екен, ағамның бейнесі шам сөнгендей семіп, жоқ боп кетті. Орнымнан атып тұрдым. Бойымда еш қорқыныш жоқ. Ойымда «Алла Тағала оны да, мені де жаратты. Раббымнан бәле-жаладан қорғауды сұрасам, кез келген дұшпанды жоқ етіп жібереді» деген ойлар жүрегіме тыныштық беріп тұр. Ағамның бөлмесіне барсам, ол пырылдап ұйықтап жатыр. Ақыры тұрдым ғой деп, түнгі құлшылығымды жасап алдым. Менің түнгі намазыма кедергі келтірмек болғаны да іске аспады. Содан кейін өмірімде олар мүлдем көрінген емес.

Пенде өзін таза ұстаса, тұратын орнын таза ұстаса, дін Ислам нені бұйырады, соны тыңғылықты жасаса, ешқандай да сыртқы қара күштер зиянын тигізе алмайтынын түсіндім.

жын, шайтан, албасты, аятул күрсі, арбасу
Miras KesebayMiras Kesebay
9 жыл бұрын 3942
1 пікір
  • Алла сақтасын анда-санда түсімде бастырылып қалатыным болмаса, онда да өзім білем не үшін екенін себебі кейде иманым әлсіреп кеткен кезде боп турады, ал өңімде көзіме ешнарсе көрінбепті, көрінбей-ақ та қойсын. Егер қараңғы немесе қорқынышты жерде жүрсем ылғи да Алладан көмек сұрап жүрем, бұл менің бала кезден бері келе жатқан әдетім.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
100359 68 183 1953 96