СІЗ ТҮСІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ЖОРИСЫЗ?
СІЗ ТҮСІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ЖОРИСЫЗ?

Түс көру – тылсым бір әлем. Адам ғана емес, иттер де түс көреді. Ұйқы кезінде адамның сыртқы әлеммен байланысы минимум деңгейге жетеді. Жүректегі жан тәннің құрсауынан босанып, өзіне берілген еркіндік шеңберінде рух әлемін саяхаттайды. Нәпсілік перделер түріліп, тек рух көзімен көруге болатын көріністер көріне бастайды. Әр түстің эпизодында ешкімге түсіндіріп бере алмас, тіл мен сөзге сыймайтын тұстар кездеседі. Кейбіреулер түсті өте сирек көрсе, енді бірі күн сайын бірнеше түсті көргенін есінде сақтайды. Ал ұйқысыздық дертіне шалдыққандар тым көп түс көріп, өңі мен түсін айыра алмай, ауыр халде жүреді. Көптеген ғылыми жаңалықтар ғалымдардың түсінде аян болғанын білеміз. Одан бөлек адамның болашақ тағдыры да түсте көрініс береді. Қайтыс болатыны, жаңа қызметке ауысатыны, тұрмыс құратыны, дертке шалдығатыны жайлы маңызды жайттардың ишара боп түске енетіні бар.

Асыл дінімізде түсті үшке бөліп қарайды. Оның алғашқысы шайтани түстер. Бұл түстерді шайтан адамды қорқытып, үркіту, уайымдату, мұңайту, жалған үміт сыйлау үшін салады. Мұндайда адам өзін биіктен төменге құлап келе жатқандай сезінуі мүмкін немесе қатыгездікке толы түстерді көреді. Шым-шытырық мұндай түстердің негізі, мағынасы жоқ. Пенде мұндай түсті ешкімге айтпай, ояна салысымен сол жағына үш рет үрлеп, зияндығынан Аллаға сиынып, басқа бүйіріне аунап жатуы қажет. Түсін ешкімге айтпасын.

Екіншісі, сыртқы сезімдердің әсерінен туындайтын түстер. Адам күндіз басынан не өткерсе, бір мәселеге байланысты толқыған болса, бір дене мүшесі ауырса, соған қатысы бар түс көреді. Қатты шөлдеген адамның түсінде су көруі, басы ауырған адамның ауыр жүк астында бастырылып жатуы, шектен тыс көп қиялдайтын адамның құс секілді ұшып жүруі секілді мысалдар осының айғағы. Өңінде бір сұрақтың жауабын таппаған адам түсінде де соған жауап іздеп жүреді. Мұндай түстерді жорудың қажеті шамалы.

Үшіншісі, аян берілетін түстер. Бұл түстер есте жақсы ұзақ сақталады әрі Алла тарапынан бір хабар не ескерту ретінде беріледі. Бұл түстерді арнайы періштелер Болмыс Кітабынан (Лаухул Махфуз) алып, Жаратушының бұйрығымен пендеге білдіріледі. Аян түстер Болмыс Кітабының шағылдары, сәулелері десек қателеспейміз. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың сәлемі болсын) елшілік борышы жүктелмес бұрын алты ай бойы аян түстер көріп келген. «Уақыттың (Қияметтің немесе таңның) жақындауымен мүминдердің түсі толығымен шындыққа айналады. Діндар адамның аян түсі – пайғамбарлықтың қырық алтыдан бір бөлігі» деген хадис бар.

___________________________

Түс жори білу - Алланың сыйы

___________________________

 

Аян түстерді ілім дарыған ғалымдар ғана жоруы тиіс. Түс жори білу – бұл да бір Алланың сыйы. Жору белгілі бір қағидаттарға жүгінеді. Түс жоруға қатысты ең атақты кітаптар: Мұхиддин Араби мен Ибн Сириннің еңбектері. Қазіргі заманғы көптеген кітаптар осы еңбекті қайнар көз қылып жазылған. Алайда кітаптағы жазылған белгілерге ғана қарап, бір нәрсе айту – өте қауіпті. Өйткені түсті жору құдайы сыр, илхам, ілімнің білдірілуі арқылы жүзеге асады. Сондықтан түсті бет-алды жори бермей, белгілі бір тақуалық дәрежеге жеткен адам айналысуы қажет, әйтпесе қате жору ықтималдығы жоғары. Пайғамбарымыз айтады: «Түс алғашқы жорушының айтуы бойынша жарыққа шығады». Ғұламаларымыз осыған сүйеніп: «Алғашқы жору маңызды, кейінгілері жарамсыз» дейді. Бұдан шығатын қорытынды, түс жору қабілеті жоқ адамға түсті жорытып керек емес.

Түсте көрген әрбір зат – өзінше жору керек нәрсе. Мысалы, жылан көру дұшпаныңыз жайлы белгі берсе, өлген жылан көру немесе жыланды тік сызық ретінде көру – жолды білдіреді деген сияқты. Жорушының іліміне, уақытқа байланысты да түс өзгеше жорыла береді. Түстің Алладан не шайтаннан екенін тек құдайдан қуат, нұр алатын тақуалар ғана айырады. Адамдардың табиғаты әр түрлі. Бірдей түс көрген адамдардың түстерінің жорылуы да әртүрлі. Мұндай нәзік мәселені рухани тазалыққа жеткендер ғана айқындай алады.

Бір күні Ибн Сиринге екі адам келіп, бірдей түс көргендерін айтады. Ол біріншісіне Меккеге қажылыққа баратынын, екіншісінің жазаға тартылатынын айтады. Шынымен де кейіннен бірі қажылыққа аттанып, екіншісі жазаланады.

Алла Елшісінің (Алланың сәлемі болсын) кезінде осыған ұқсас оқиға орын алған. Бір әйел келіп, түсінде үйінің діңгегі сынып, алдына құлап түскенін айтады. Пайғамбарымыз одан күйеуінің бар-жоғын, бар болса қайда екенін сұрайды. Отағасы жорыққа аттанып, әлі оралмаған екен. Алла Расулі оған күйеуінің үйге аман-есен оралып, бақытқа қауышатынын жеткізді. Айтқанындай жүзеге асты.

Кейіннен Әбу Бәкірдің басшылығы кезінде сол әйел әлгі түсін қайтадан көреді де оған жорып беруін сұрайды. Әбу Бәкір тұп-тура пайғамбарымыз секілді одан күйеуі жайлы сұрап, артынша әйелге күйеуінің шайқаста қаза тапқанын айтады. Әйел бұған таңқалып: «Дәл осындай түсті Алла елшісі күйеуім жорықтан оралады деп жорыды» дейді. Әбу Бәкір оған: «Дұрыс қой, оған сондай сыр ашылды, ал маған осы сыр ашылды» дейді.

Арада біраз уақыт өткенде жорамал тура жүзеге асты.

Сондықтан «түсімде елбасын көрдім», «қымбат машина айдап жүр екенмін» деп әркімнен сүйінші сұрамай, шынайы түстерді, аян екені сезілетін түстерді аузы дуалы, жүрегі иманды адамға жорытқан абзал. Қалжыңбас біреудің қате жоруынан қапыда қалып жүрмеңіз.

Miras KesebayMiras Kesebay
9 лет назад 10996
5 комментариев
  • Түс көрдім деп түске қатты берілудің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Әйтпесе түсімен ғана өмір сүретін адамдар да бар екен. Түс көрген адам да өзі сезеді, бірақ барлық түсті тек жақсылыққа жору керек.
    Өз басым егер түсімнен қорықсам екі рәкат намаз оқып Аллаға тәуекел етемін де ұмытуға тырысамын. Жақсы түс көрсем де екі рәкат намаз оқып Алладан орындалуын сұраймын.
    9 лет назад
  • жақсы түс болсын, жаман түс болсын, мүлдем мән бермейді екенмен
    9 лет назад
  • Түсінде біреудің өлгенін көрсе сол адамның өмірі ұзақ болады деп жатушы еді иә?
    9 лет назад
  • Түсті серия-сериясымен көргенде амал жоқ мән береді екенсің. Тіпті оқиғалар түсіңдегідей өрбіп жатса одан сайын ойланып қаласың. Бірақ қатты берілу қауіпті.
    9 лет назад
  • ондай жағдайлар менде де болған, қобалжисың, бірақ, мән бермесең ұмытылып кетеді, бір жерім ауырса да мән бермеуге трырысамын, өз-өзінен қойып кетеді.
    9 лет назад
О блоге
0
100359 68 183 1953 96