Дұға тағдырды өзгерте ме?
Дұға тағдырды өзгерте ме?

Адамның және ғаламдағы барлық нәрсенің тағдыры әуел баста ештеңе жаратылмай тұрып, жазылып қойған. Алдын ала белгіленіп қойылған нәрсе өзгермейді. Себебі қалам тоқтаған, сия кеуіп қалған. Алайда Алла Тағалаға жалбарыну, дұға ету өмірді өзгертетінін білесіз бе? Ендеше, бұл өзгеріс қалай жүзеге асады?

Шынайы дұға тағдырды өзгертеді. Бұл жөнінде Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала белгілеп қойған тағдырды дұғадан басқа ештеңе өзгерте алмайды»; «Тағдырдан ешкім қашып құтыла алмайды, бірақ дұға келе жатқан бәледен және келетін апаттан құтқарады. Бақытсыздық келген кезде алдынан дұға күтіп алады да, олар қиямет күніне дейін күреседі».
Бұл хадистерден аңғарғанымыз, мұсылманның жүректен шыққан ықыласты дұғасы алдын ала белгіленген тағдырды, яғни Жаратушының қалауымен періштелер жазған тағдыр кітабындағы жазылғанды өзгерте алады.

Сонда Алла Тағаланың әмірімен болған тағдыр қарапайым біздің қалауымызбен, дұғамызбен өзгере бере ме деген заңды сұрақ туады. Барлық нәрсе Оның қалауымен жүзеге асады, егер біздің дұғамыз басқа келер пәледен құтқарып жатса, бұл да Жаратушының мейірімімен болып жатыр. Ол құлының дұғасын жауапсыз қалдырмайды. Алланың қалауымен дұға болашағымызды өзгерте алады және бұл өзгеріс те алдын ала Хақтың қалауымен белгіленіп қойылған. «(Бейне бір тылсым қазына болған) ғайыптың кілттері Оның жанында, оларды Одан өзге ешкім білмейді. Ол құрлықта һәм теңізде не бар, не жоқ бәрін біледі. Оған, тіпті, бұтағынан үзіліп түскен бір тал жапырақтың да жайы мәлім. Жердің тас қараңғы қойнауындағы бір тал дәнек болсын, тіпті дымқыл немесе құрғақ болғанның бәрі де ап-айқын Кітапта (Алланың шексіз іліміне сүйенген тағдыр Кітабында) жазылған» («Әнғам» сүресі, 59-аят).

Егер мұсылманның дұғасы пәни өмірде жауапсыз қалып, тілегі орындалмай жатса да бекерге кетпейді. Жалбарынып жасалған дұға оның амал дәптеріне ізгі амал ретінде жазылып, бақи өмірде сыйға айналады немесе басқа түскен ауру-сырқаудан сақтайды.
Қайткен күнде де дұға ету, мінәжат, жалбарыну ешқашан далаға кетпейтін есебі жоқ пайда, жақсылығы Оның қалауымен осы дүниеде не ақырғы өмірде беріледі. Ұлы Рахманның өзі: «Маған дұға етіңдер, Менен сұраңдар, сендерге жауап берейін», — деді емес пе?!

Miras KesebayMiras Kesebay
9 лет назад 8540
0 комментариев
О блоге
0
100359 68 183 1953 96