Бала және алма ағашы жайлы аңыз
Бала және алма ағашы жайлы аңыз

Бір замандарда әдемі алма құлпырып өсіп тұрыпты. Оның жанында кішкентай бүлдіршін бала өмір сүріпті. Бала күн сайын алма ағашының жанында секіріп, аунап-қунап ойнайды екен. Біресе бұтақтарына өрмелейді, біресе алма үзіп жейді немесе көлеңкесінде демалып ұйықтайды. Ол алма ағашын жақсы көреді екен, алма да баламен ойнағанды ұнатыпты. Арада біраз жылдар өтеді, бала өсіп, ағаштың жанында сирек ойнай бастайды. Сондай бір жайлы күндердің бірінде бала ағаштың түбіне келді, бірақ қабағы жабырқаулы. «Қане, ойнайық» деп алма көңілін аулағысы келіп еді:

«Мен ағашпен ойнайтындай кішкентай бала емеспін» деді ол. – Мен ойыншықпен ойнағым келеді. Бірақ сатып алуға ақшам жоқ»

«Ренжіме, менде ақша жоқ. Бірақ менің алмаларымды жинап, сатып, ақша қылсаң болады».

Бұл ұсыныс балаға ұнады. Ол бүкіл жемісті жинап, қуанғанынан асығып кетіп қалды. Сол кеткеннен мол кетті, оралмады. Ағаш өте көңілсіз күйде қалды. Алайда бір күні бала қайта оралды. Ағаш оны зорға таныды, бала жігіт боп есейіпті. Алма қандай қуанды десеңші.

«Келгенің қандай жақсы болды! – деп есі кете қуанды – Қане, онда ойнайық».

«Менің ойын ойнауға уақытым жоқ. Отбасымды асырау үшін көп ақша табуым керек. Үй тұрғызуым керек боп тұр. Сен маған көмектесе алмайсың ба?»

«Ренжімеші, бірақ менде үй жоқ. Бірақ менің үлкен бұтақтарымды шауып, үй салсаң болады».

Жігіт бұл мүмкіндікке қуанып, ештеңе ойламастан, алманың ірі бұтақтарын кесіп алды да кетіп қалды. Алма жігіттің қуанғанын көріп өзін бақытты сезінді. Бірақ ол сол кеткеннен ұзақ уақыт оралмады. Алма оны сағынып, көңілі қатты жабырқады, бірақ қайғысын бөлісетін жанында ешкім жоқ еді.

Тағы да жаздың бір ғажап кешінде ол қайта келді. Алма қуаныштан тербеліп кетті.

«Қане, келші, ойнайық!» - деді.

«Жоқ, мен енді қартайдым. Ойнай да алмаймын. Мен бір қайық жасап, айдалаға жүзіп, мына өмірдің проблемаларынан аулаққа кеткім келеді. Сен қандай да бір көмек бере алмайсың ба?» - деп сұрады адам.

«Менің діңімнен өзіңе қайық жасап ал. Сен онымен алыстарға саяхат жасай аласың және қайтадан өзіңді бақытты сезінесің».

Содан еркек бір кездері жайқалып өскен алманың діңінен қайық жасап, теңізге жүзіп кетті де ұзақ уақытқа жоқ болды.

Ақыр соңында көп жылдардан соң, адам қайта оралды.

Жақындап келе жатқан ескі досын көріп, алма ағашы: «Ренжіме, балам. Менде саған керек болар ештеңе қалған жоқ. Сүйсініп жейтін бұрынғы алмалар да жоқ» деді.

«Қазір алмаға қарайтын тәбетім жоқ. Оны жейтін тістерім де қалмады».

«Сен бұрын өрмелеп шығатын бұтақтарым да жоқ».

«Бұдан кейін де шыға алмаспын, кәрілік жеңіп барады».

«Менің суалып бара жатқан тамырларымнан басқа ештеңе қалмады» - деді алма ағашы жыламсырап.

«Маған ештеңе де керек емес. Бір демалатын тыныш жер болса, шіркін. Осынша ұзақ жылдардан кейін қатты шаршадым» - деді бір кездері бүлдіршін бала аппақ қудай сиреген шаштарын сипап.

«Онда менің тамырларыма отырып, жатып, демалып ал. Шаршағаныңды бас».

Шал тамырға сүйеніп отырып демалды, ал алма ағашы күлімсіреп, көз жасына ие бола алмай, тарам-тарам боп тамырларынан ақты.

Бұл мысал біздің әрқайсымызға қатысты. Ағаш – бұл біздің ата-анамыз. Біз бала кезімізде әке-шешемізбен ойнағанды жақсы көретінбіз. Өскен сайын оларды тастап кетеміз де ұмытамыз; тек басымыз бәлеге душар болғанда немесе көмек іздегенде ғана іздейміз. Не сұрасақ та, қандай көлемде сұрасақ та, ата-ана бізді қуандырып, бақытты күлкімізді көру үшін бәрін алып береді.

Бала ағашқа тым қатыгездік жасады деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ біздің ата-анамызға деген қарым-қатынасымыз дәл сондай. Олардың бізге мейірімі мен қамқорлығын міндетті нәрсе, солай болуы тиіс деп қараймыз да солардың бар болғанына алдымен Аллаға шүкірлік айтпаймыз, содан кейін ата-анамызға рахметімізді білдірмейміз. Сәл кішкене ойлансақ еді, олардың қандай аяулы асыл жандар екенін ұғынып, олардың қадірін тиісінше түсіне алмай жүргенімізді түсінер едік. Өйткені жан-жарымыз да, бала-шағамыз да, дос-жаран да ата-анамыздай сүйіп, өзін құрбан ете алмас еді.

Әке-шешемізге жақсы қарау – Алла Тағаланың адамдағы ұнататын ең ізгі қасиеті. Ал айтқандарын тыңдамау және іс-әрекетімізбен зиян келтіру ең үлкен ауыр күнәлардың бірі. Өйткені «Алланың разылығы - ата-ананың разылығында».

Аударған Мирас Кесебаев

Miras KesebayMiras Kesebay
9 лет назад 11795
1 комментарий
  • Ата-ана қадірін керемет мысалмен әдемі түсіндіріпті. Алла разы болсын!
    9 лет назад
О блоге
0
100359 68 183 1953 96