Зина зілзала мен індет шақырады
Зина зілзала мен індет шақырады

Алматыда жиі жер сілкінеді, сел де әлсін-әлсін үрейді ұшырып тұрады, бөдене жұмыртқасындай бұршақтың қаупі де сейілген жоқ. Тек Алматы емес, Қазақстанның көптеген облыстарында ірі апаттар орын алып, топан су, аң мен малды қырған індет көбейіп келеді. Жылдан-жылға жойқын пәлекет ескерту жасап жатқан сияқты сезіледі. Бұл — апаттың алыбы келмей тұрғанда алдын алып, тоқтат деген ескерту. Бір өлкеге бәле тек үлкен күнәлардың ашық жасалуынан келеді. Олар: Құдайға серік қосу, зина жасау, пайыз жеу, т.б. Тарихи деректерге қарасақ, зинақорлықтың салдарынан көптеген елдер жермен жексен болған.


Алматыда зина жасаудың еркінсігені, дамығаны сонша, қытығы кеткен қыздар енді көшеде тұрмайды. Қымбат пәтерлер жалдап, клиентін сонда күтеді. Жұмысы жоқ қыздар күнін көрмекке осындай жолға барды дейтін біреуге айтарым, басқасы былай тұрсын, банкте жоғары қызметте жұмыс істейтін қыздар да жетерлік екен. Айлығы шайлығынан асатын олардың басына не жетпейді?
Жезөкшелікті заңдастырайық деп қалың жұртқа жар салғандар ардан әбден безді. Салық төлейміз деп үкіметті қызықтырғысы келетінін қайтерсің.
Жезөкше жігіттер дегенді естігенде жағамызды ұстағанбыз. Ер деген есімді иемденген бүкіл бөріктілерге неткен сын! Екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын табудың орнына, айуандықтың теңізіне тереңінен бойлап кеткен.
Адам деген ардақты атқа ие жандар неге мұншалықты азғындады? Жоқшылықтан дей алмасымыз анық, дәлірегі тоқшылықтан. Тамағы тоқ адам азбай қайтсін?! Нәпсісіне құл болғандар ақ пен қараны ажырата алмайды, мынау күнә, мынау харам деп айырмайды. Қасиетті Құранның «Мариям» сүресіндегі «Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді» аяты осыны меңзесе керек.
Апатқа осы жезөкшелер ғана кінәлі ме? Жо-жоқ, арсыз іспен осылар ғана шұғылданады деп ойламаңыз. Бұлар күнәсін ашық жасаушылар. Ал зинаны жасырын жасап, ел-жұрттан жасырып, іші ғана біліп отыратындардың санында есеп жоқ. Өзге қаладан келіп, ЖОО-ның жатақханасында немесе жалдамалы пәтерде тұратын қыздардың бұзылуы тым оңай. Қаланы қойып, ауылдың өзінде қазір арын сақтай алмаған қыздар өте көп. Жеке басың білмейсің ғой, бірақ зинадан шімірікпейтін ескі танысыңмен сөйлесіп қалғанда, қай ауылдың және қай үйдің қызының қылығы қандай екенін (кімге барып жүргенін) алдыңа жайып салады.
Жас ұрпақ неге бұлай өшіп жатқанын кім білсін?! Ата-ананың тәрбиесі солай болғаны ма? “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің”. Бәлкім, жаман достарының әсерінен түздегі қылығы осылай қалыптасты ма?
Адамның еті өліп бітті. Ата-ана ұл-қызының зиянды ортада жаман іспен шұғылданып жүргенін білсе де білмегендей жүреді. Жақын тартып, сөйлесіп, қателік қай жерден кеткенін тауып, тура жолға салуға тырысса, абзал болар еді.
Қоғамның осынау сиқын жаза бергенмен, бітпейді. «Жастар өздері біледі» дейтіндерге осынау арсыз іс — зинаның соңынан келетін зардаптарын тізіп көрелік.
Зина адамдардың ар-намысына қол сұғу әрі қоғам өмірінің баяндылығын шайқайтын қылмыс. Бала-шағасына, жақын-туыстарына жаман үлгі көрсеткен мұндай кісі олардың абыройына дақ түсіріп, сүйекке таңба салады. Зина ар-намысты, ұятты жоқ етумен қатар болашақ ұрпақтың болашағына балта шабады. Ер-азамат әйеліне, әйелі еріне адал болмауы отбасында ауыр психологиялық ахуал туғызады.
Зина жасаудың ақыреттегі азабына қатысты Бұхаридің сахихында Сәмурә ибн Жүндүбтің Пайғамбарымыздың (Алла Тағаланың сәлемі болсын) бір түсін риуаят еткен хадисін былайша жеткізеді: «Түсінде Пайғамбарымызға Жәбірейіл мен Микаил періште келді. Бұдан кейінгісін Пайғамбарымыз былай әңгімеледі: «Бірге келе жатып, жоғарғы жағы тар, асты кең тандыр секілді бір нәрсенің қасына келдік. Оның ішкі жағынан айқайлаған дауыстар естіліп жатты. Ішіне үңіліп қарағанда, тыр жалаңаш еркектер мен әйелдерді көрдік. Олардың төмен жағына жалындап жанған от әкелінді. От оларға жақындаған кезде жан дауыстары шығып, айқайлап жатты. Мен: «Уа, Жәбірейіл, бұлар кімдер?» — деп сұрадым. Ол: «Бұлар зина жасағандар. Олардың азабы қиямет-қайымға дейін осылай жалғасады», — деп жауап берді».
Зина жасаушы зина жасаған кезде мұсылман болып саналмайды. Сол сәтте одан иманы шығып кетеді. Осы ауыр күнәнің ақыреттегі азабымен қатар осы дүниедегі зардаптары да орасан. Жаратқанның адам баласына жаны ашып тыйым салған зина жасаудың түрлі кеселдерге жол ашатыны бүгінгі медицина дамыған сайын айқын біліне түсуде. Ғасыр дертіне айналған СПИД — осындай арсыздықтың ащы жемісі. Зина бір қоғамда ашықтан-ашық жасалатын жағдайда, олардың арасында оба әрі бұрынғы халықтарда кездеспеген түрлі аурулар кең таралады.
Зинаның салдарынан көзі жәутеңдеген мыңдаған пәк сәбилер тастанды болып, жетімдер үйіне тоғытылып жатыр. Әлем бойынша жыл сайын 32 миллион жасанды түсік жасалады екен! Бұл — күніне 87 мың деген сөз. Аналар тек сәбилерін ғана өлтіріп қоймай, өз ағзаларына да зор зиян келтіруде.
Зинақорлардың балаларының да бойында көптеген кеселдер туындайды. Мысалы, мезгілінен бұрын жетілу, денсаулығы мен психикасындағы ауытқулар т.б. секілді.
Пайғамбарымыз: «Уа, мұсылмандар, зинадан сақтаныңдар! Өйткені оның мына алты үлкен зияны бар. Оның үшеуі осы дүниеде, үшеуі ақыретте. Осы дүниедегілері: 1. Жүздегі нұр таяды. 2.Өмірі қысқарады. 3. Кедейліктен көз ашпайды. Ал ақыреттегілері: 1. Алла Тағаланың қаһарын туғызады. 2. Есебі ауыр болады. 3. Жаһаннамда азапталады», — деп, залалдарын баяндап берген.
Исламның алғашқы жылдарында бір жас жігіт Алла елшісіне келіп:
— Маған зина жасау үшін рұқсат берсеңіз, — дейді. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін естіген сәтте бірден өре түрегеліп, оған дүрсе қоя берді. Сонда Алла елшісі сабырлы қалпын бұзбай, оны жанына отырғызып, былай деп сұрайды:
— Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің?
— Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа, Алланың елшісі, әрине, қаламаймын!
— Ешкім анасына мұндай жиіркенішті қылықты қаламайды. Егер сенің қызың болса, оған осындай әрекет жасағанын қалар ма едің?
— Жаным саған құрбан болсын, ей, Алланың елшісі, еш қаламас едім!
— Ешбір жан да қызына мұны тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?
— Жоқ, пайғамбарым, мұны да қаламаймын!
— Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?
— Жо-жоқ, қаламаймын!
— Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, — деген Алла Расулы қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Раббым, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтардан тазарт, намысын сақтауға жәрдемші бол!» — деп дұға етеді.
Міне, осылайша, жігітке ашуланбай, оның өрекпіген көңілін басып, зинақорлықтың жиіркенішті екенін осындай мысалдармен түсіндіріп, әкелік мейірім танытып, жанын жегі құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға етеді. Жас жігіт сол сәттен бастап өмірінің соңына дейін иманына дақ түсірмеді. Бұл хадистен ұғарымыз өз анамызға, қыздарымызға, апа-қарындасымызға қаламайтын нәрсені бөтен әйелдерге қаламауымыз керек.
Өзім зинадан аулақпын дейтін адам айналасын да түзетуге тырыспаса, солардың басына келген апат оны да қоса алып кетеді. Қол қусырып отырғанда, өз отбасыңның бір мүшесі сол жолға ілесіп кетпесіне кім кепіл?! Көпшілік болып, бұл арсыздықты сөзімізбен, қолымызбен тоқтатуға ұмтылайық.

Мирас Кесебаев

Miras KesebayMiras Kesebay
9 жыл бұрын 6516
1 пікір
Блог туралы
0
100359 68 183 1953 96