Кешір, Алла, кешіргін, кешір мені,
Тастап қашып кеткендей есім мені.
Құмарлығым жүректен көш ілгері,
Нәпсім менің семіріп есіргелі.
Дәмді тамақ, көп ұйқы, жеңіл еңбек,
Жүргенімді білмеппін нені жемдеп.
Ұйығына батырды күнәларым,
Жүрегімді алармын қалай емдеп.
Жүгенсіз кеткенімді баяу ұқтым,
Перғауынның жанынан бір-ақ шықтым.
Құмарлықтан ақылым тұмшаланып,
Раббымның кім екенін ұмытыппын.
Табыныппын нәпсі мен құмарлыққа,
Асқазанды толтырдым қоқыс боққа.
Қалауларға құлаған қайран жаным,
Хайуаннан да төменде тұрған жоқ па?!
Иман – нұр, күнә деген – қараңғылық,
Қараңғыдан шығады жаман қылық.
Нұр мен түнек бір жерде тұрақтамас,
Түбінде шығарады арам қылып.
Кешір, Алла, құлыңның күнәларын,
Екі жолдың таңдаппын бұралаңын.
Құмарлықты қуалап, ұмытыппын,
Қабірге барарын тек құр амалым.
Кешір, Алла, күнәм көп қайталанған,
Бармаймын деп серт етіп, қайта барғам.
Бәрін бекер жасадым, бекер бәрі,
Өкініштің сезімін айта алман.
Кешір, Алла, иманы нашар ұлды,
Білмеймін қалай қарай қашарымды.
Ажал бірақ қайдан да тауып алар,
Кім білсін қанша ғұмыр жасарымды.
Я, Ғаффар, Өзің ғана Кешіруші,
Күнәні болмағандай Өшіруші.
Кешірім есігіңді қағып жатыр,
Бір құлың әлсіз әрі есіруші.
Я, Ғафур, жиі келер есіме тым,
Жүрекке жылу болып есілетін.
Құлыңның күнәлары қанша жерден,
Тау болса да бәрін де өшіретін.
Дәу болса да бәрін де кешіретін.
Я, Таууаб, қабыл алғын тәубемізді,
Қайтара гөр мұсылман хәлде бізді.
Жүректе күнәлардың дағы қалмай,
Иман-нұрмен нұрландыр кеудемізді.
Я, Раббым, өлсем оңай жан шығар ма?!
Күнәлі көз тәубе етсе, қан шығар ма?!
Мейірімің жанында менің күнәм,
Теңізге сіңіп кеткен тамшы ғана.
Я, Алла, Кешіруші Өзің ғана,
Құран боп жеткен бізге Сөзің дара.
Кешіргін қатемізді! Сыйла бізге,
Күнәға жоламауға төзім дара.
Мирас Кесебаев 08.08.2016