Құраннан қате іздеген ғалымдардың әрекеті тағы бір жаңалыққа себеп болғаны туралы жазып едім. Яғни, құмырсқалар жайлы. Бұл мақаланы жазып қойғаныма біраз болған еді. Жарияламай жүрген себебім, құмырсқа туралы тағы бірнеше зерттеудің нәтижесін іздеп жүрдім. Таппадым әзірге.
Құмырсқа туралы зерттеулер өте көп. Оқып отырып еріксіз «субханАллаһ!» дейсің, тамсанасың, мұндай ғажайып жәндікті жаратқан Жаратушымыз неткен шебер деп бас шайқайсың.
Сол аталмыш аятқа («Нәміл» сүресінің 18-аяты: «Сүлейменнің әскері құмырсқалар алқабына келгенде, құмырсқаның басшысы: «О, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер, себебі Сүлеймен мен оның әскері сендерді сезінбестен жаншып, сындырып өтіп кетіп жүрмесін» дейді») шүйліккен ғалымдар тек бір «сындыру» деген сөзге ғана киліккен жоқ. Олар сонымен қатар, құмырсқалар сөйлеспейді, сөйлемейді, олар химиялық реакцияға түсетін бір иісті ауаға таратып, басқалары сол арқылы ақпарат алады және енді біреулері бір-біріне сүйкену арқылы хабар алмасады деп жазған. Ал мен National Geographic каналының түсірген зерттеуін көрдім. Онда дауыс есту жиілігі өте үлкен аппарат арқылы құмырсқалардың ызыңдап, пыш-пыш етіп бір-біріне хабар беретінін көрсетті.
Жауабын таппаған нәрсем мынау – аяттағы ескерту жасайтын құмырсқа женский род жалғауымен келеді. Яғни, ұрғашы құмырсқа. Ал біз биология сабағынан білеміз, құмырсқаларда матриархат үстемдік етеді, яғни патшайым билік жасайды. Осы аяттағы құмырсқаның женский родта келуі – құмырсқаларда билік ұрғашыларының қолында болатынын меңзеп тұр ма? деген сұраққа жауап іздеп едім. Таппадым.
Бір хафыз әрі имам кісіден сұрап едім, ол айтты: «Бұл жерде патшайым емес, жай ғана ұрғашы құмырсқа сөйлеп тұр. Тәпсір кітаптарын қарау керек, ол жерде тіпті бұл құмырсқаның есіміне дейін жазылған болуы керек» деді.
Мен дін маманы емеспін. Мүмкін алдағы уақытта бұл аяттың қыр-сыры жайлы арнайы зерттеу жүргізіп, ашылмаған талай сырларды алдымызға жайып салар.
Біз, әлмисақтан мұсылман қазақпыз деп, батыс ғалымдарының «эврика» жасап ашып жатқан жаңалықтарына қатты мән бермейміз. Өйткені, ол онсыз да белгілі нәрсе емес пе деген сықылды. Өйткені өзіміз білмесек те Құран мен сүннет өмірімізге ажырамастай еніп кеткен. Неміс ғалымы «баланың шашын алғашқы жеті күнде алса, организмге осындай пайда тигізеді екен» дегенде, «аха» деп бас шұлғи салдық. Біз үшін жаңалық емес. Тамақтанар алдында қол жуса, осыншама бәлекеттен қорғанады екенсің деп, «...ит, ...оз»-бен аяқталатын аурулардың санын тізгенде, «и чо» дедік. Қысқасы, мысал өте көп.