Амалдар ниетке байланысты
Бір кісі түйесіне мініп, қажылыққа ниеттеніп шығыпты. Жол ұзақ. Сахараның шөлінде келе жатып, суы бітіп, қаталап шөлдей бастайды. Жолай бір құдыққа кезігіп, соған жақындай бергенде, түйесі үркіп, алға жылжымай қояды. Түйеден түсейін десе, оны байлайтын бір қазық жоқ, шөл болса қысып барады. Содан әлгі кісі түйесімен біраз жер жүріп барып, ағаш бұтағын тауып әкеледі де, құдықтың жанына қазық қылып қағып тастайды. «Алла разылығы үшін, осы қазықты қағып тастайын. Мен сияқты сапарда, қажылыққа кетіп бара жатқан адамдар болса, түйесін, ат-көлігін осы қазыққа байласын, ал өзі рахаттанып су ішсін» дейді. Алла Тағала оның амалына разы болып, күнәларын кешіріп, өзін әулиелік дәрежеге көтереді.
Кешкісін бір жаяу жолаушы шөл далада келе жатып, жаңағы құдыққа кезігеді. Құдықтан су ішейін деп келсе, жанынан қазықты көреді. «Мынаны кім қақты екен? Мен сияқты жаяу біреу түнде келіп, байқамай қазыққа шалынып, құдыққа құлап түсіп кетсе, жағдайы бейшараның не болар еді? Мұны Алла разылығы үшін суырып алып тастайын» деп қазықты шығарып алып, айдалаға лақтырып жібереді. Алла Тағала оның да амалына разы болып, күнәларын кешіріп, әулиелік дәрежеге жеткізген екен.
Екі оқиғада да ниеттің дұрыстығына қарай, амалдар үлкен дәрежеге ие болды.
Мирас Кесебаев