Осман империясының сұлтаны Бірінші Ахмедтің басқаруы кезінде ел аумағында тақуалығымен танымал Мәйіт зада дейтін кісі өмір сүрді. "Өліктің баласы" деген мағынаны білдіретін бұл есімнің қойылуына мына бір оқиға себеп болған.
Мәйіт заданың әкесі өте батыр жауынгер екен. Үшінші Мехмед сұлтанның кезінде 1596 жылы Эгри соғысы тұтанып, өзгелермен бірге соғысқа аттанбақшы болады. Жүкті әйелінің айы-күні жақындап тұрса да, Алла жолында жиһад жасауды артық көрген батыр қаруын сайлап, атқа мінеді. Жарымен қоштасып тұрып, қолын көкке жайып, көздері жасқа толып:
- Я, Раббым! Мен Сенің дініңді қорғау үшін жолға шығайын деп тұрмын. Өзіңнен басқа қорғаным да, қорғаушым да жоқ. Я, Алла! Мына қорғансыз әйелімді және одан туылатын баламды Сенің панаңа қалдырамын. Өзіңнің рақымыңмен және мейіріміңмен оларға жар бола гөр!" - деп жүріп кетеді.
Алла жеңіс сыйлап, осман әскері жауды жеңіп, елге оралады.
Жауынгер қолбасшыдан рұқсат сұрап, үйіне құстай ұшады. Жеңіс хабары бүкіл тарапқа таралса да, бұны үйінің алдынан ешкім күтіп алмайды. Көршілері келіп, көрісіп, көңіл айта бастайды. Олардың жылап, сықтауынан сүйікті жары мен сәбиінің қайтыс болғанын білгенде, аңырап, бар даусымен:
- Жоқ! Мүмкін емес. Бұлай болуы мүмкін емес! Мен баламды құдіреті күшті Аллаға аманаттадым ғой. Ол – ең жақсы Қорғаушы емес пе! – шыңғырып жіберді.
Қайғыдан қан жұтқан әке біршама уақыт орнында қатып тұрып қалды. Бір кезде басын кілт көтеріп, айналасына бажайлап қарады. Жүрегіне бір үміт келгенін байқау қиын емес еді. Ішіне бүге алмай бірден:
- Ей, халайық! Рақымды Алла құлдарына тым мейірімді екеніне күмән бар ма! Мені әйелімнің моласына апарыңдар! Тезірек!
Қалың көпшілікпен жақында ғана көмілген жас қабірдің жанына келгенде, жігіт қабірдің үстіне тың тыңдағандай құлағын төседі. Бір сәтте көзі шарасынан шыға жаздап, бар даусымен:
- Баланың даусы естіліп жатыр! – деп айқайлап жіберді де, бірден жерді қаза бастады.
Елең еткен көпшілік те жер түбінен талып естілген сәбидің даусын естіп, жерге жата қалып, топырақты аршуға кірісті. Сәлден соң бәрі таңғажайыпқа куә болды: қараңғыда жанған нұрдың көзіндей болған нәресте анасының өлі кеудесінде жатыр.
Жауынгер-әке сәбиді қос қолымен көтеріп, құшағына басты. Қызыл өңді шекесінен сүйіп, жылы киіммен орады. Әйелінің мүрдесіне «Фатиханы» оқып, қайтадан қабірді жапты. Құдайы құдіретке куә болғандардың бәрі Алланы ұлықтап, мадақ айтты. Қос көзі жасқа шыланған әке маңдайын сәждеге тигізді. Сүйікті жарының өліміне қайғырып, бір жағынан баласының тірі екеніне қуанды. 308
Бұл бала кейіннен көркем тәрбие мен жақсы іліммен сусындап, күллі Осман империясына тақуалығымен танылады. Жұрт оны туылу жағдайына байланысты Мәйіт-зада деп атап кетеді. Бұл оқиға бәрін білуші әрі құдіретті Алланың мейірімінің көрінісі еді және жүрегін рухани аурулардан тазалап, Оған шын тәуекел еткендерді жерге тастамайтынына шынайы дәлел болатын.
Мирас Кесебаев