«Мен күніне 80-100 мың істеген күндері көңіл-күйім болмай «бүгін дым жасамадым» деп жүретінмін. Кейін халықты мұншалықты алдай беруге арым жібермеді. Содан жұмыстан шығып кеттім. Қазіргі жұмысымда айлығым аз болса да жаным тыныш» деген банктің бұрынғы қызметкерінен аз-кем сұхбат алдық.
Халық не үшін банктен жапа шегіп жүр? Неге алданып қалдым дейді?
Бұл жерде ең алғашқы айтылуы керек мәселе – халықтың сауатсыздығы. Пайыздың мөлшеріне мән бермейді, бастысы тез ақша алсақ дейді. Соңында төлеген кезде ғана бармағын шайнайды. Оның үстіне менеджерлер көп нәрсені дұрыс түсіндірмейді. Клиент тәптіштеп сұрамаса, өздігінен айтпайды. Әрбір менеджер күніне жоспар орындайды. Жоспарды қалай да орындау керек. Сату керек. Мысалы, карточный кредит деген бар. Наличный кредит деген бар үлкен сомада. Тағы бірі — экспресс кредит, оның суммасы аз, пайызы үлкен, банктің рұқсаты (одобрение) да тез келеді. Мынадай нәрсе бар. Клиент үлкен суммада кредит алғысы келеді. Бірақ банктен рұқсат келмейді. Сонда менеджер қарап қалмай, басқа кредит түрлерін ұсынады. Ал клиентке бәрібір, ақша алса болды, пайызына мән бермей қалады. Адамдар да банкке еріккеннен келмейді, қиын-қыстау кезде не ақшадан қатты қысылған кезде ғана келеді. Менеджерлер аз мөлшердегі кредитті ұсына отырып: «Осыны сәтті жап. Сонда үлкен суммада ала аласың» деп сендіреді. Өзімнің тәжірибемде былай: мен істеген банкте мен берген кредиттерде төлем 1:1 не одан да көп.
Сонда 100 алса, 200 не 220 ғып қайтара ма?
Мерзіміне байланысты солай. Сен 100 алсаң, 20%-бен 120 ғып қайтарам деп ойлайсың. Негізгі пайызбен қоса, 5% сақтандыру бар. Ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін де комиссия алады. Кейбір банктер сенің өтінішіңді қарағаны үшін де комиссия ұстай береді. Банк тікелей түрде халықты алдамайды. Негізі несиені қысқа уақытқа алған жақсы. Бірақ бұл клиентке тиімсіз, оларға ұзақ уақытқа ай сайын аз мөлшерде төлеп отырған ыңғайлы. Мерзім ұзақ болған сайын төлейтін сумма да 1:1-ден де жоғары болып кетеді.
Тауарды бөліп төлеуге (рассрочка) алған кезде қандай айлалар жасайды?
Тауарды бөліп төлеуге алған кезде менеджерлер сақтандырумен ұтады. Оларда 80:20, 90:10 деген жоспар бар. Тауарды не кредит берген жағдайлардың 80% пайызында сақтандыруды қоса беруге тырысады. Бірақ келісімде «Клиент сақтандыру алудан бас тарта алады» деп жазылған. Әрбір сақтандырумен сатылған кредит менеджердің бонусына айналады. Яғни соның қалтасына түседі.
Сақтандырусыз бөліп төлеген жағдайда ше?
Ол кезде клиентке карточка беріледі. Сол карточкага шектеу қойылады. Яғни ол карточкамен басқа банктен ақша ала алмайсың. Сонымен қоса, егер карточкаңда ақша болса және егер сен несие уақытын кешіктірсең, онда банк автоматты түрде сенің карточкаңдағы ақшаны алып қояды. Ал заң бойынша банк клиенттің карточкасындағы ақшаны рұқсатсыз алуына болмайды.
Несие толық төленіп біткенде қандай шаралар жасалуы керек?
Менеджер «несие жабылды» деген анықтама береді. Алдағы уақытта проблема шықпас үшін оны жоғалтпау керек. Бұл анықтаманы кейбір банктер ақшаға сатады. «Менде несие жоқ» деген анықтама алу үшін 3 000 теңге төлеуің керек. Және тағы бір нәрсе, менеджерлерге делдалдар клиент тауып әкеледі. Егер клиент 1 млн алар болса, оған сол ақшаны алып беруге көмектескені үшін, 5%-дайы менеджерлерге және сондай бір мөлшері делдалға беріледі. Бұл жерде менеджерлер ақша табады.
Мирас Кесебаев