Хаққа ғашықтық немесе Халлаж Мансур жайлы дерек
Хаққа ғашықтық немесе Халлаж Мансур жайлы дерек

Халлаж Мансурдың «Хақ ол Менмін» деген сөзі мен оны шейіт еткендер жайлы: «Халлаж да, оны өлтіргендер де тура жолда» делінеді. Хаққа ғашықтықтан еріп, қарапайым халықтың түсіне алмайтын, Алла білдірген кейбір сырларға мас болып, құпияны жария етіп қойғаннан, өмірімен қош айтысты. Оны дарға асар алдында Абу Харис есімді жендет қатты соққы беріп, беті мен мұрнын сындырады. Сол жерде тұрған Шибли еріксіз шыңғырып жіберіп, киімін жыртып, талып қалады.

Шибли кейіннен былай дейді: «Халлаж екеуміз бірдей деңгейге жеттік. Мені жынды деп жайыма қалдырды да оны есі дұрыс деп және жазалады. Мансурды жазалағаннан кейін кешке оның қабіріне бардым. Таңға дейін намаз оқып, таң алдында Аллаға дұға еттім: «О, Алла! Ол сенің нағыз құлың еді, тәухидті берік ұстанушы, әулие еді. Оған жіберген сынақтың мәні неде?». Артынша мені ұйқы басты. Түсімде ақырзаманды көрдім және Алланың былай дегенін естідім: «Біздің сырды бейхабарларға жария етіп қойғаны үшін, Біз оған осы сынақты жібердік».

Мансур Халлаж жаза алдында былайша дұға етеді:

«О, Алла! Сенің құлдарың мұнда мені өлтіру үшін жиналды, өйткені олар діндеріне берік. Оларды кешір, егер Сен маған білдірген сырларды оларға да білдіргеніңде, мен туралы бұлай ойламас еді. Бұл сырларды маған білдірмегеніңде, мен де ештеңе жария етпес едім. О, Раббым, оларды кеше гөр! Өйткені олар мені Саған қарай жөнелтпек!». Бұл дұғадан оның көркем мінезін, тура жолдағы шынайылығын қалай байқамассың.

Халлаждың өлімін рухани әлемнен көргендер, оны дарға асар алдында алдына Ібіліс келіп, былайша сұрағанын айтады:

- Сен бір рет «Мен» дедің және мен бір рет «Мен» дедім. Нәтижесінде сенің құдайлық рақымға бөленіп, ал менің қарғысқа ұшырауымның себебі неде?

Халлаж Ібіліске:

- Сен «Мен» деу арқылы өзіңді Адамнан жоғары қойып, тәкаппарлығыңды көрсеттің. Ал «Хақ ол менмін» дегенде мен өзімнің «мендігімді» Аллаға ғашықтықтың ішінде жоқ еттім. Тәкаппарлық таныту – тозақтың бір белгісі. Ішкі «меніңнен» құтылу және Алла жолында жоқ ету – өзіңнің түкке тұрмайтыныңды, әлсіз екеніңді білдіру. Сондықтан саған қарғыс, маған кешірім нәсіп етілді.

 Ибрахим бин Фатиқ Халлаж Мансұрды зиярат еткенінде мынадай насихат алады:

– Ұлым, кейбіреулер мені имансыз дейді, кейбіреулері әулие дейді. Мені әулие санайтындардан гөрі, күпірлікпен айыптағандар Аллаға көбірек жақын.

Ибрахим мұның себебін сұрағанда:

– Менің әулие екенімді білетіндер мен жайлы тек жаман ойламайды. Ал өзгелері дінді берік ұстанғандықтан күпірлікте айыптауда. Жаман ойламайтындардан гөрі, діні мен сеніміне берік жандар Аллаға көбірек жақын.

Халлаждан да биік рухани дәрежеге қол жеткізген Жәлаладдин Маулана Руми ол жайлы:

«Егер Мансур Алланың маған берген сырлары мен көрсеткен нәрселерін білгенде, мені таспен ұрып тынар еді» дейді.  Аллаға мұншалықты ғажайып ғашықтық пен махаббаттың жолында еріп жоқ болу жайлы Маулананың өлеңінен былай түсінеміз:

«Мәңгілік өмірдің» өзенін көргенде өз кесеңдегі суды төгіп таста, яғни баянсыз өміріңді мәңгіліктің өзенімен араластыр. Өзеннің суы сарқылар ма?».

«Кесеңдегі су өзеннің суымен араласып, өзінің болмысынан айрылады да өзеннің суына айналады».

«Осылайша сенің кесеңдегі судың құрамы жоғалады да негізі ғана қалады. Бұдан кейін су буланып кетпейді, кірлемейді және тартылып қалмайды».

Miras KesebayMiras Kesebay
2 года назад 547
2 комментария
  • терең екен
    2 года назад
  • "Бір адамды діндарлығы үшін жынды деп айтпайынша дінінде кәміл болмайды" деп айтылған ғой. Соның нағыз бір көрінісі...
    2 года назад