Аузы берік мұсылманды Алланың өзі қорғайды (болған оқиға)
Аузы берік мұсылманды Алланың өзі қорғайды (болған оқиға)

Осыдан 6 жыл бұрын өмірімде ең алғаш Рамазан оразасын ұстаған едім. Қызылорданың аптап ыстығында шіліңгір шілденің аяғына, тамылжыған тамыздың ортасына сәйкес келді, ол кезде ауылда едім. Оразамын деп құр аяқ-қолымды созып жатып алсам, діннен хабары аз ата-анам Исламды ұнатпай қалып жүрер деп, қара жұмысқа араласып жүрмін. Кірпіш қалап, үйдің бір бөлмесін тұрғыздық. Есекке мініп, шыжыған ыстық күннің астында тоғайға бардым да егістікке өскен піскен тарыны қол орақпен ордым. Дәл жанымда мұздай боп теңкиіп қарбыз, исі мұрын жарып қауын жатады. Көзім мөлиіп ұзақ қараймын. Осыдан кеш болсыншы, бір қарбыз, бір қауынды жалғыз өзім тауыспасам деп қоямын. Сағат түскі онның кезінде-ақ аузым кеуіп, тілім аузыма сыймай кетті. Тер шүмектеп ағып жатыр. Түсте ауылға қайтып бара жатқанымда есек бірнәрседен шошынып, кілт бұрылып, мені құлатты да ауылға шауып кетті. Ал кеп жүгір. Қашқан есек жеткзіер ме. Содан үйге жаяу келдім.

Әкем түстен кейін атаның үйіне бар деді. Атам әл үстінде жатыр, төсек тартқанына жылдан асты. Құр сүйегі мен терісі ғана қалған. Күн бейсенбі болатын. Атамның ақтық сағаты жақындағанына көз жетті де үлкендер анам екеумізді анау-мынау қажетті заттар әкелмекке Түркістанның базарына жіберді. Бір сағаттық жолда машинаның терезесінен соққан ыстық жел кенеземді кептірді. Шыда, жаным, шыда, аз қалды деумен отырмын. Үлкендер аузыңды аша салсаңшы, қиналдың ғой деп біраз айнытқысы келді. Түркістанға келгесін ақшам уақыты кіргенде ауылдағы атам жұмаға қараған күні, рамазан айында қайтыс болды. Ақшам кірісімен мен су ішпекке дүкен іздеп кеттім. Анам: «байқа, бұл жердің балалары бұзық» деп алаңдады. Бір көшенің қуысындағы дүкенге кірдім. Ішінде он шақты бала сыралатып, дабырлап сөйлесіп отыр. Сатушы қыздан су сұрадым. Қаншадан деп едім, 100 теңге деді. Отырған баланың бірі: «100 теңге емес, 500 теңге» деді. Мен елемей, суды алып шығып бара жатқанмын.

-  Бауырым, темекі бар ма? - деді біреуі. Шекпеймін деп шығып кеттім. Есіл-дертім суда. Сыртқа шыға сала қақпағын ашып жатырмын. Жаңағы тиіскен бала артымнан ілесе шығыпты. «Ей, сен тоқтай тұршы. Пиз...сің ғой өзің. Мен шегесің бе деп сұраған жоқпын. Темекі тауып бер маған» деп келе жатыр. Оны елеп тұрған мен жоқ, әл-дәрменім болса да жоқ, судың қақпағын өлермендене ашып жатырмын. Оның жақын қалғанын көрдім де «Бауырым, мен оразамын» дедім. Дедім де дұға жасауға да үлгермей, 1 жарым литрлік суды тік тұрған күйі ішіп тауыстым. Быт-шыт боп таяқ жесем де маған бәрібір, тек су ішсем болды.

Сол кезде дүкендегі қалған балалар топырлап шықты да «Ей, тоқта» деп айқайлады. Сөйтсем, жаңағы бұзыққа айтқан екен. Ішіндегі денесі үлкен біреуі келді де оны бас салып ұра бастады. «Не болды, мені неге ұрып жатсың?» деп анау жыларман болды. «Тиіспе оған» деп бір тепті де маған қарап: «Бауырым, жүре бер» деді.

...Машинаға қарай келе жатырмын. Ойым болған оқиғада. Дүкеннің ішіндегі балалар менің "оразамын" деген сөзімді естіген жоқ еді. Көзім жасқа толып кетті. «Е, Раббым, Сен деп ішіп-жемнен тыйылған құлыңды Өзің қорғамағанда кім қорғайды. Ең жақсы Қорғаушы Өзіңсің. Біздің біліп, білмей жасаған, үлкен-кіші, ашық-жасырын жасаған күнәларымызды кешір!» деп егілдім.

Miras KesebayMiras Kesebay
1 год назад 16377
3 комментария