Яджуж бен маджуж қауымы Шымкенттен шыға ма?
Яджуж бен маджуж қауымы Шымкенттен шыға ма?

Яджуж және маджуж тайпасының Қазақстанға қандай қатысы бар? Әсіресе, олар Шымкенттен шығады деген дерекке негіз бар ма? Не шықса да Шымкенттен шығады деп әзілге салсақ та, бұл әңгімемізге тың мәліметтер арқау болып тұр.

Яджуж және маджуж халқы (гог және магог) тарихтағы талайды қызықтырған тақырыптың бірі. Қасиетті Құранда олар жайлы бірнеше жерде айтылады. Ислам дінінен басқа христиан және яһуди діндерінде де олар жайлы аз да болса деректер шалынады. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхамедтің (Алла Тағаланың сәлемі мен игілігі болсын) хадисінде айтылғандай, бұлардың жер бетіне шығуы – ақырзаманның ең үлкен жеті белгісінің бірі. Жалпы яджуж және маджуж халқы кімдер?

Бір кездері моңғол әскерін, қара қытайларды, ғұндарды, бертін келе Кеңес Одағы әскерін де соларға теңеген болатын. Алайда, ақиқат басқа. Құран Кәрімге сүйенсек, мұсылман Зұлқарнайын патша (Александар Македонский емес) жер бетіне Алла Тағаланың есімін жаю мақсатымен батысқа, шығысқа, сосын солтүстікке сапарға шығады. Батыс пен шығысты Аллаға бойсұндырғасын, солтүстікке аттанғанда, екі үлкен таудың арасынан сауатсыз халық шығып, Зұлқарнайынға яджуж және маджуж халқының зұлымдығы жайлы айтып шағымданады. Патша екі араға темірден үлкен тіректер және бағаналар қойып, үстіне мысты ерітіп құяды. Зұлым халық темір қақпаны тесіп не бұзып өте алмайды. Зұлқарнайын: «Бұл Алланың бізге жасаған рақымы. Бір уақыт келеді, сонда бұл қақпа жермен-жексен болады да олар бостандыққа шығады» дейді. Қысқаша баяны осы.

Пайғамбарымыздың хадисінде былай деп келеді: «Яджуж және маджуж халқы күн сайын қақпаны бұзуға тырысады. Тесіп шығуға аз қалғанда «Қалғанын ертең жасаймыз» деп кетіп қалады. Қайта келгенде қақпаның ойылған жері қайта қалпына келгенін көреді. Ақырзаман уақыт жақындағанда ғана «Алла қаласа, қалғанын ертең жасаймыз» дейді, сонда қақпа қайта қалпына келмейді. Солай олар жер бетіне шығады». Ислам деректеріне көз салсақ, бұл халық алдына келгенін жейді. Құлағы үлкен, басы дәу. Әр төбеден төгіліп келеді. Халықтың алды бір теңізді кешіп өткенде, соңғы легі өтіп жатқанда шаңға айналып жатады екен. «Бір кездері бұл жерде теңіз болған» дейтін көрінеді. Бұл халық жер бетіне шығуы Иса пайғамбардың қайта жер бетіне келіп, христиан дінін жойып, Исламды дамытып, Тажалды (Даджал) өлтіретін заманына тұспа-тұс келеді. Иса пайғамбардың дұға етуімен Алла Тағала олардың құлағына ұсақ жәндіктер жібереді де, түгелдей қырылады.

Қазіргі дәуірімізге дейін адамдарды бұл халықтың орналасқан жері, әйгілі қақпаның орны қызықтырып келеді. Көпшілігінің пікірінше, Ұлы Қытай қорғаны және Орта Азияда Термез бен Бұқарға жақын маңдағы Дербент қабырғасы деп аталып келеді. Алайда соңғы уақытта бұл қақпаның орналасуы жайлы жаңа болжам жасалуда. Оңтүстік Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның шекарасының түйіскен жеріндегі тау сілемдерінен алып қақпа табылды. Қазақстан жағынан Майдантал, Қырғызстан жағынан Талас Алатауы, Өзбекстан жағынан Аделунга тауы түйіскен аумақтар. «Кәһф» сүресінде айтылғандай, Зұлқарнайынның екі таудың ортасына салған алып қақпасына өте-мөте ұқсайды. Қақпаның биіктігі 200 метр, ені 60 метр шамасында. Өзге таудың сілемдері сияқты қотыр, жыралы, кедір-бұдырлы емес, керісінше теп-тегіс. Қолдан құйылғандай.

яджуж және маджуж қақпасы

Геолог мамандар бұл табиғи құбылыс дегенді алға тартуда. Яғни жұлықтардың (морена), мұздықтардың еріп, төменге сырғуынан осындай тегіс жоталар пайда болуы мүмкін. Алайда тым теп-тегіс жота мен өзге де жұлықтарды салыстырсаң, арасы жер мен көктей.

Адамдарды әр кез тылсым мен құпиялар өзіне тартып, қызықтырып келеді. Беймәлім ұшу объектілері (НЛО) секілді яджуж және маджуж халқы жайлы да аз айтылмайды. Анығын Алла Тағала біледі.

шымкент, яджуж, маджуж, Зұлқарнайын, ақырзаман, кәһф
Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 3099
7 пікір