Шайтанның айлалары
Шайтанның айлалары

Муаз бин Джабал Ибн Аббастан мынадай хадис естігенін әңгімелеуде: «Пайғамбарымызбен, Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын, бірге бір ансардың үйінде сұхбат құрып отырғанымызда, ауладан дауыс шықты:

- Үй иесі және үйде отырғандар! Ішке кіруге рұқсат етіңдер, сендерде шаруам бар.

Жұрт Алла Елшісіне қарады, өйткені жиынды басқарып, рұқсат беру-бермеуді шешетін өзі еді.

- Кім келіп тұрғанын білесіңдер ме? – деп сұрады. Біз бірауыздан:

- Алла және Оның Елшісі жақсы біледі! – деп жауап бердік. Сонда Пайғамбарымыз айтты:

- Бұл келген лағынеттелген шайтан – Ібіліс.

Омар атып тұрып:

- Алланың Елшісі, оны өлтіруге рұқсат ет, - деді.

Алайда оған рұқсат бермей:

- Тоқта, Омар, оған белгілі бір мерзім берілгенін білмейсің бе? Есікті ашыңдар, ішке кірсін. Ол Алланың бұйрығымен келіп тұр. Оның айтқанын мұқият тыңдап алыңдар.

Бұл әңгімені жеткізуші ары қарай сөзін жалғады:

- Оған есік ашылды. Ол ішке кіріп, бізге көрінді. Біз жасы келген кәрі шалды көрдік, көзі қыли, иегінде алты немесе жеті тал жүнге ұқсас сақалы бар, көзі адырайып, жан-жағына алақ-жұлақ қашады. Басы пілдікіндей абадайсыз үлкен, мойны өгіздікіндей жуан.

Кіре сала, ол бізге:

- Сәлем саған, ей, Мұхаммед, Сәлем сендерге, ей, мұсылман жұрты, - деп амандасты.

Бұл сәлемге Алла Елшісі:

- Сәлем Аллаға тиесілі. Ей, лағынеттелген, мұнда іспен келдім дейсің, ал, құлағымыз сенде.

- Мен мұнда өз еркіммен емес, мәжбүрлікпен келдім.

- Қандай мәжбүрлік? – деп сұрады Пайғамбарымыз.

- Сенің Раббыңнан періште келіп айтты: «Ұлы Алла саған: «Қорланған, кемсітілген күйде Мұхаммедке әңгімелесуге барасың. Оған Адам баласын қалай азғырып, тура жолдан тайдыруың жайлы толыққанды айтасың. Сосын ол сенен не сұраса, тек шыныңды айтасың. Егер шыныңды айтпасаң немесе сөзіңе бір ауыз жалған қоссаң, онда жағдайыңды қазіргіден де қиындатамын. Және дұшпандарыңа күлкі етемін» деп бұйырады». Осы бұйрыққа сай алдарыңа келдім. Мұхаммед, қалағаныңды сұра. Егер шынымды айтпасам, онда дұшпандарыма күлкі боламын. Дұшпаныма күлкі болғанымнан артық жек көрінішті нәрсе жоқ.

Алла Елшісі сұрай бастады:

- Егер бір ауыз жалған қоспайтын болсаң, онда айтшы, адамдар арасында кімді ең қатты жек көресің?

- Сені, Мұхаммед. Алланың жаратқандарының арасында сенен артық жек көрерім жоқ. Сенен басқа кімді бұлай жек көре аламын!

- Менен кейін тағы кімді жек көресің?

- Алла разылығы үшін өзінде барды құрбан еткен тақуа жасты.

Сұрақтар мен жауаптар осылай жалғасты: Пайғамбарымыз сұраса, Ібіліс жауап берді.

- Тағы кімді жек көресің?

- Күмәнді істерді айналып өтетін және Алла сабыр сақта деген істерде сабыр сақтағандар.

- Сосын кімдер?

- Өзінің жоқшылығына сабыр ететін және кедейлігі мен мұқтаждығын ешкімге көрсетпеуге тырысатын әрі мүшкіл жағдайына арызданбайтын кедей.

- Бұл кедейдің сабырлы екенін қайдан білесің?

- Ей, Мұхаммед! Ол ешкімге мұқтаждығын айтпайды. Егер біреу үш күн қатарынан өзге біреуге мұқтаждығын айтатын болса, Алла оны сабырлылар қатарынан шығарады. Өйткені бұл сабырлылардың ісі емес. Егер ол кедейлігіне шағымданбайтын болса, мен оны жағдайына, сабырлылығына және амалдары мен шағымына қарап бірден танимын.

- Бұдан кейін кімді жек көресің?

- Қайырымды байды.

- Байдың қайырымды екенін қайдан танисың?

- Егер мен оның не тапса да тек адал жолмен тауып және оны тек жұмсау керек жерге ғана жұмсағанын көрсем, қайырымды екенін біле қоям.

Бұдан кейін Алла расулі, Алланың сәлемі мен игілігі болсын, тақырыпты өзгертіп, басқа сұрақтар қоя бастады:

- Айтшы, қане, менің үмбетім құлшылыққа (намаз) тұрғанда, қандай күй кешесің?

- Ей, Мұхаммед, менің ыстығым көтеріліп, қалтырай бастаймын.

- Не үшін, ей, лағынет?

- Құл Аллаға тізе бүккенде (сәжде), Алла құзырында бір саты жоғарылайтыны үшін.

- Ораза кезінде не істейсің?

- Ауызашар (ифтар) уақыты келгенше мен қамауда боламын.

- Адамдар қажылығын өтегенде қандай күй кешесің?

- Бұл уақытта есімнен айрыламын.

- Ал Құран оқыған кезінде ше?

- Онда отқа қызған қорғасын секілді еримін.

- Қайыр садақа бергенде ше?

- Бұл шақта өте ауыр жағдайда боламын. Садақа берген адам қолына ара алып, денемді қақ бөліп тастағандай сезінемін.

Алла Елшісі мұның себебін сұрады:

- Неге өзіңді қақ айырылғандай сезінесің?

Ібіліс былай деп жауап берді:

- Садақада төрт керемет қасиет бар:

  1. Садақа бергеннің Алла мүлкін адалдайды және игілік жаудырады.
  2. Садақа бергенді Алла адамдардың сүйіктісіне айналдырады.
  3. Алла тағала оның және тозақтың арасына қалқан тұрғызады.
  4. Ұлы Алла садақа берушіні бәле-жаладан және ауру-сырқаудан сақтайды.

Бұдан кейін Пайғамбарымыз өзінің сахабалары жайлы сұрады:

- Әбу Бәкір жайлы не айтасың?

- Ол қараңғылық дәуірінің өзінде маған бағынбаған. Енді Исламды қабылдаған соң бағынады дейсіз бе? – деп жауап берді.

- Омар ибн Хаттаб туралы ше?

- Алланың атымен ант етейін, оны көрген бойда алды-артыма қарамай зытамын.

- Осман ибн Аффан жайлы пікірің қандай?

- Мен одан қатты ұяламын. Рахман періштелерінің өзі одан ұялады.

- Әли жайлы не дейсің?

- Эх, одан бір құтыла алсамшы. Ол мені мазаламаса, мен шынында жай табамын. Мен оны әлдеқашан жайына қалдырғанмын, алайда ол мені жайыма қалдырмайды.

Сұрақтарын қойып біткесін Алла расулі айтты:

- Үмбетіме ақиқат беріп, тура жол нәсіп еткен Алла тағалаға мың да бір шүкір. Ал сені белгілі бір мерзімге сынаққа қалдырған және тура жолдан тайдырушы еткен.

Бұл сөзді естіп Ібіліс заматта:

- Жо-жоқ... Үмбетің менен құтылды деп ойлайсың ба? Белгіленген мерзімге дейін тірі тұрғанымда сендердің жүректерің қалай тыныштық табады? Мен деген бәріңнің қантамырларыңда ағып жүремін. Тәндеріңе мықтап орныққанмын. Мені жаратып, Есеп күніне дейін мерзім берген Аллаға ант етейін, мен бүкіл адам баласын тура жолдан тайдырамын. Наданы мен ғалымын да, қарапайымы мен білгірін де, күнәһары мен күнәсізін де. Қысқаша айтқанда, ешқайсысы менің азғыруымнан аман тұра алмайды. Тек Алланың шынайы құлдары ғана бұдан ада, мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын.

Мұхаммед, Алланың сәлемі мен игілігі болсын, сұрады:

- Сеніңше, сол Алланың шынайы құлдары кімдер?

Ібіліс іле жауап берді:

- Білмейтін бедің, ей, Мұхаммед, дирхам мен динарды (ақша) жақсы көргендер Аллаға шынайы құлшылық ете алмайды. Енді біреулер бар, олар дирхам мен динарды да жақсы көрмейді, мақтануды және жұрт алдында көрінуді ұнатпайды, міне, осы арқылы олардың Аллаға шынайы ықыласын білем де, бұлардан бойымды аулақ салуға тырысамын. Енді біреулері байлықты жанындай жақсы көреді және онысымен мақтанғанды ұнатады, оның жүрегі дүниелік байлыққа байланған, тағы да байи берсем деген арманы бар, тіпті байлықтан ажырауы мүмкін емес. Мұндай адамдар тобы түгелдей менің соңымнан ереді және маған барынша бағынады. Мүлік, дүниеге деген махаббат – күнәлардың ішіндегі ең үлкені екенін білмейтін бе едің? Билікке ұмтылу және өзгеден жоғары болуға тырысу – үлкен күнәлардың ішіндегі ең үлкені.

Ібіліс сөзін жалғастырды:

- Ей, Мұхаммед, білмейтін бе едің, менің жетпіс мың балам бар. Оның әрқайсысын әр жерге аздырушы етіп қойдым. Әр баламның қол астында жетпіс мың шайтан бар. Бір бөлігін қарттарға, бір бөлігін жасы келген әйелдерге жібердім. Ал жастар жайында айтсам, олармен арамызда ешқандай кедергі жоқ. Жастармен тез тіл табысамыз. Ал балалар жайында, олар біздің балаларымызбен бірге ойнайды, ортақ уақыт өткізеді. Балаларымның енді бір тобын ауруға душар болған шынайы құлдарға, екінші бір тобын күнәһар құлдарға жібердім. Шайтандар олардың қойны-қонышына кіріп, ары аударады, бері аударады. Басын айналдырады. Сонда құл сондай бір күйге түскенде себеппен де, себепсіз де ашу шақыра бастайды. Осылайша мен олардың ықыласын ұрлаймын. Бірақ өздерінің бұл халін білмейді.

Шайтан бір монахты құлшылықтан қалай айырғанын әңгімеледі:

- Білмеуші ме едің, ей, Мұхаммед, Барсис монах жетпіс жыл бойы үздіксіз Аллаға шынайы табынды. Бұл үшін Алла оған сый ретінде емшілік қасиет берді. Кім үшін дұға етсе, сырқат адам демде жазылады. Мен қыр соңынан қалмай, ақыры оны зина жасаттырып, кісі өлтіртіп, құдайға сенбейтін еттім. Мұндай адамдар жайында Алла өзінің ұлы кітабында: «Шайтан секілді: ол бір адамға: «Құдайға қарсы шық!» деді. Әлгі адам құдайға қарсы шығып кәпір болғанда, ол: «Сенен бойымды аулақ саламын. Расында, мен әлемдердің Раббысы – Алладан қорқамын!» деп айтады» (59:16).

Бұдан кейін Ібіліс жаман істер жайлы және оны қалай іске асыратынын айтты.

 

Өтірік айту

- Білмеуші ме едің, ей, Мұхаммед, өтірік айту – менен, ең алғашқы өтірікті де мен айтқанмын. Кім өтірік айтса, ол менің досым. Өтірік ант-су ішетіндер – менің сүйіктім. Білмеуші ме едің, ей, Мұхаммед, Адам мен Хауаға мен Алланың атымен жалған ант еттім. «Расында, мен сендерге жақсы кеңес берушімін», - дедім оларға. Жалған ант менің жанымды жадыратады.

 

Ғайбат және бүлік шығару (фитна)

- Ғайбат (біреуді сыртынан жамандау) жайында айтар болсам, біреуді артынан сөз ету және араларына от салу, бүлік шығару – мен үшін мереке әрі менің істерімнің жемісі.

 

Намаз

- Ей, Мұхаммед, егер кімде-кім намазға тұрғысы кеп оянбақшы болса, мен бірден оған сыбырлаймын: «Кішкене жата тұр, әлі уақыт бар, сен Алланың құлысың, намазды сәлден соң оқисың». Нәтижесінде намаздың уақыты шығып кетеді. Егер бұл айлам іске аспаса, оған адам шайтанды жіберем. Сонда ол оны намаз қылудан көңілін басқа нәрсеге аударып жібереді. Егер бұдан да сытылып шығып кетсе, намаз оқып жатқанда кедергі жасаймын. «Оңға қара», «солға қара» деймін, ол жан-жағына қарайды. Сол кезде оны маңдайынан сипап, сүйемін. Оған: «Сен өте бір жаман іс жасадың» деп ойын сан-саққа жүгіртемін. Өзің де білесің, ей, Мұхаммед, жан-жағына алақтап оқыған намазды ұлы Алла қабыл етпейді. Егер бұған да алданбаса, онда құлағына келіп, намазды жылдам оқуын сыбырлаймын, сонда ол намазды тез оқи бастайды да жерден асығыс дән шоқыған тауық секілді болады. Егер бұған да көнбесе, намазды жамағатпен оқыған кезінде барамын да сәждеде және рукуғта басын имамнан бұрын көтергізіп және имамнан бұрын түсіргізуге тырысамын. Ол осылай істесе, Есеп күнінде Алла оның басын есектің басы етеді. Құл бұл амалымнан да құтылса, онда намаз кезінде саусақтарын сытырлатуын бұйырамын. Солай жасата алсам, бұл маған арналған тәсбих саналады. Бұдан да құтылса, намаз кезінде мұрнына үрлеймін. Мен үрлеген уақытта ол есінейді. Есінегенде қолын аузымен жаппаса, кішкентай шайтанды салып жіберемін, ал ол оны дүниелік байлыққа, құмарлыққа қоздырады.

Ібіліс сөзін жалғастырды:

- Ей, Мұхаммед, мен неше түрлі қақпандар құрып қойғанда, жүрегің үмбетің үшін қалай тыныш болсын? Мен бүкіл нәрсені, бүкіл жанды өз мақсатыма қолдана аламын. Жоқшылыққа күйінген кедейлерге барам да құлшылықты тастауды әмір етемін. «Ораза, намаз тоқтықта. Намаз сендер үшін емес, Алла өзіне байлық, мүлік бергендер үшін» деймін. Сосын ауруларға барып: «Намазды тастаңдар, Алланың өзі: «Ауруларға күнә жоқ» деді емес пе. Құлан-таза айыққан кездеріңде оқисыңдар» деп азғырамын. Осыдан ол намазды тастайды, тіпті күпірлікке дейін барады. Ауырып әрі намазсыз өлетін болса, Есеп күнінде Алланың ашуына кезігеді. Ей, Мұхаммед, сөздеріме иненің жасуындай жалған қоссам, Алла мені күлге айналдырып жіберсін.

Шайтан әрі қарай айтты:

- Ей, Мұхаммед, мен әрбір алтыншы адамды дінінен шығарғанда, сенің жүрегің үмбетің үшін қалай тыныштық тапсын?

Алла елшісі, Алланың сәлемі және игілігі болсын, Ібіліске қысқа сауалдар қоя бастады:

- Ей, лағынет, сенің досың кім?

- Өсім жеуші.

- Одан кейін?

- Зинақор.

- Төсектегі жақының кім?

- Маскүнем, нашақор және еліртетін заттарды қолданушылар.

- Қонағың кім?

- Ұры.

- Елшің кім?

- Сиқыршы.

- Көзіңнің жарығы не?

- Ажырасу.

- Сүйіктің кім?

- Жұма намазын қаза етуші.

Алла расулі тақырыпты ауыстырды:

- Ей, қарғысталған, сені не ренжітеді?

- Алла жолында жиһад етушілердің дауысы.

- Денеңді не жояды?

- Тәубе етушінің тәубесі.

- Бауырыңды не езіп, бөлшектеп тастайды?

- Күндіз-түні Аллаға күнәсына кешірім сұрап жалбарыну.

- Бетіңді не қисайтады?

- Жасырын берілген садақа.

- Көзіңді не соқыр етеді?

- Түнде оқылған намаз (тәһаджуд).

- Басыңды не идіреді?

- Жамағатпен оқылған намаз.

Пайғамбарымыз басқа тақырыпқа ауысты.

- Сенің ісіңе не кедергі жасайды?

- Ғалымдардың жиналысы.

- Тамағыңды қалай жейсің?

- Сол қолмен және саусағымның ұшымен.

- Ыстық ауа райында балаларыңды қайда сақтайсың?

- Адамдардың тырнағында.

Алла елшісі сұхбатты басқа арнаға бұрды:

- Раббыңнан қандай нәрселер сұрадың?

- Он тілек сұрадым.

- Қандай, ей, лағынет?

- Мынадай:

1) Мені Адам ұрпақтарына және мүліктеріне ортақ ет деп Алладан сұрадым. Менің тілегімді қабыл етті. Алланың есімі айтылмаған тағамға ортақпын. Өсіммен және харам жолмен алынған нәрсені жеймін және «Шайтанның кесірінен Алла сиынамын (Ағузу...)» деп айтылмаған барлық мүлік менікі.

Менің кесірімнен Алладан қорған сұрамаса, әйелдерге еркектерімен бірге жақындасамын. Бұл жақындықтан туылған бала бізге бағынады. Егер біреу күнә жасамаққа атқа қонса, мен оның артына мінгесемін де жолсерігі боламын.

2) Алладан үй сұрадым. Ол маған моншаларды берді.

3) Мешіт сұрадым. Алла базарларды маған мешіт етті.

4) Кітап сұрадым. Маған өлеңді кітап етті.

5) Азан сұрап едім, ән берді.

6) Төсекке бірге жататын дос сұрап едім, маскүнемдер мен нашақорларды берді.

7) Көмекшілер сұрап едім, қадарит[1] ағымын берді.

8) Өзіме жолдас сұрадым, маған ысырап етушілерді берді. Олар мүліктерін күнәға жұмсайды. Құранда бұл жайлы: «Шынында, ысырапшылар – шайтанның бауырлары, ал шайтан Раббыңа қарсы шығушы», - делінген.

9) Ей, Мұхаммед, мен Адам баласын көрсем, ал олар мені көре алмайтын болса деп сұрадым. Тілегім қабыл болды.

10) Адамдардың қан тамырында ағуды сұрадым. Нәтижесінде адам қанында жүземін, қашан қаласам, сонда ағамын.

Осылайша Раббым мен қалағандарды «Саған сұрағандарың берілді» деген сөзімен рұқсат етті. Мен осы дәрежеммен мақтанамын. Тағы бір айтқым келгені, менің соңымнан ергендер сенің соңыңнан ергендерден әлдеқайда көп және Есеп күніне дейін осылай жалғасады.

Ібіліс айтты:

Менің Атеме деген ұлым бар, ол түнгі намаз оқымай төсекке жатқан адамның құлағына дәрет сындырады. Егер ол осылай жасамаса, адамдар құлшылығын жасамай, төсекке бас қоймас еді.

Мутақазим есімді ұлымның міндеті – жасырын жасалған қайырлы істерді әшкере ету. Мысалы, әлдекім жұрт көзінен жасырын құлшылық етсе, онда Мутақазим оны түртпектеп, жұртқа айтқызуға тырысады. Құпия құлшылығы жария болғанда, адамдар арасында ол жайында қауесет тарайды. Нәтижесінде Алла жүз сауаптың орнына бір сауап қана қалдырады. Яғни, егер құл жасырын түрде қайырлы іс істесе, оған жүз сауап жазылады.

Құтайл атты баламның жұмысы – құтбада не ғалымдар жиналысында отырғандардың көзінен сипайды. Ол сипасымен адам бірден ұйқыға кетіп, ғалымдардың сөзін естімейді. Соңында сыйдан мақұрым қалады.

Шайтан сөзін жалғастырды:

- Кез келген әйелдің бойында шайтан отырады. Кім болсын әйелге қарағанда, шайтан оны сұлу етіп көрсетеді. Оған сыбырлап: «Оған қолыңды және иығыңды көрсет» дейді. Әйел оның айтқанын бұлжытпай орындайды. Солай шайтан өзінің тырнақтарымен әйелдің пәктік шымылдығын түріп тастайды.

Бұдан кейін Ібіліс Алла елшісіне, Алланың сәлемі және игілігі болсын, өзінің жағдайын түсіндірді:

- Ей, Мұхаммед, ашығын айтқанда менде адамдарды тура жолдан тайдыратын ешқандай күш жоқ. Мен тек сыбырлаймын, бір затты әсем қып көрсетемін, ал таңдауды адам жасайды. Егер адамдарға қарсы титімдей билігім болса, онда жер бетінде «Лә иләһа иллаллаһ» дейтін бірде-бір адам қалдырмаушы едім, тіпті ораза ұстап, құлшылық қылса да.

Ей, Мұхаммед, сенің ешбір адамды тура жолға сала алмайтының секілді, мен де ешбір адамды тура жолдан тайдыра алмаймын.

Сен Алланың елшісісің, сенің міндетің адамдарды Исламға шақыру. Егер сенің адамды тура жолға салуға билігің жүрсе, жер бетінде бірде-бір кәпір қалмаушы еді. Сен тек күнә жасаған адамға қарсы дәлелсің. Ал мен күнәһарлар үшін себеп және мүмкіндікпін.

Тура жолдағы адам анасының жатырында пайда болғаннан тура жолда. Күнәһар адам анасының жатырында пайда болғаннан адасуда. Тек Алла тура жолға салады, тек Өзі құрдымға кетіреді. Алланың ісінде кемшілік жоқ.

Бұл менің соңғы сөзім, не айтсам да тек шындықты айттым», - деп Ібіліс сөзін аяқтады.



[1] Адамның тағдырында Алланың еш ықпалы жоқ дейтін ағым.

шайтан, айла, ібіліс, тұзақ, қақпан, уасуаса
Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 1466
2 пікір
  • Шайтанның құпиясы ашылды. Енді осыны біле тұра шайтанға азғыруға жол беріп қоймасақ жарар еді.
    2 жыл бұрын
  • Керемет, оқып көп ойға баттым. Шынында да " Шайтан өзінің тырнақтарымен әйелдің пәктік шымылдығын түріп тастайды" деген сөйлем, бүгінгі қоғамға бағытталып тұрғандай. Әсіресе, қазақ қыздарының басым бөлігі иманнан айырылып, шымылдықтарын түріп тастауы қатты қынжылтады. Жалпы бойында бес парызы өтелмеген адамзат баласы малғұнның жетегінде кете беретіні сөзсіз. Сондықтан осы мәтінді оқып, саналарын тереңдетте түсе нұр үстіне нұр болар еді. Ойланайық қазақ жастары! Әлі де кеш емес!
    2 жыл бұрын