Намаздар: бір ниет, мың мекен
Намаздар: бір ниет, мың мекен

Өмір деген қызық қой аңдағанға. Басыңды қайда апарып қалай қарай домалатпайды дейсің. Құдайға құлшылықты қайда қалай өткергенімізді ойлаудың өзі қызық. Ең алғаш жайнамазда қалтырап, намаздың сөзін ұмытып, сәлем беріп аяқтауды ұмытып, қатарынан үзбей сегіз рәкат оқығаным есімде. Алғашқы намазда иман өзгеше бір дәрежеге жеткендей сезіледі ме, қалай. Білместікпен сүннет намаздың қазасын оқыған күндерді айтсаңшы.

Университетте бос аудиторияда партаның үстіне шығып алып оқитынбыз. Кейде мұғалім мен студенттер кіріп келетін.

Сабақтың үстінде ишарамен оқыдық. Группаластар түртпектеп бірдеңе сұрап немесе мұғалім тақтаға шақырып қалушы еді.

Автобуста тік тұрған күйі оқыдық. Оқып тұрып ары-бері қысылып, қымтырылып өткендерді өткізіп жібересің.

Алматыда Орталық мешітте -20-25 градус аязда қылаулаған қардың астында дірдектеп, қолды ысқылап үрлеп оқыдық.

Көктем мен күздің шелектеп құйған жаңбырында маңдай мен мұрынды суға шолп еткізіп, жерге тигізіп, ауызбен демалып оқыдық.

Қызылордада +45 градус ми қайнатар ыстықта тер шүмектеп ағып, борша-борша терлеп оқыдық.

Әуежайда, вокзалда, офисте, паркте, тал түбінде, тас үстінде, құм бетінде, жағалауда, егіс басында, ұшақта, кемеде - Алла Тағала мешіт еткен жер бетінің кез келген нүктесінде оқу нәсіп етіліп келеді.

Ия, Раббымыз, намазға тек мешіт іздеп, оқитын жер жоқ деп, оқымауға сылтауратудан өзімді, бауырларымды, отбасымызды сақта!

Алла Тағалаға мың да бір шүкір, мұсылман отбасында дүниеге келтіріп, иман нәсіп етіп, намазға жыққанына. Намаздан, шүкірден, зікірден айырма, Алла!

намаз
Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 545
4 пікір
  • Иа дұрыс айтасыз. Амин!
    2 жыл бұрын
  • Алла сабыр берсін! Намаздарымызды қабыл етсін! Әмин!
    2 жыл бұрын
  • Осындайда еске түседі: естігенім - ұмытпасам, Жәбірейіл періште ғой деймін, бәленбай жыл Аллаға намаз оқып, Алладан "разымысың" деп сұрайтыны...(?) Сонда Жаратушы адамдардың асығып-аптығып жүріп жақсы мағынада) намаз оқығанын жоғары қойған дейді. Анығын Алла біледі.
    2 жыл бұрын
  • Сылтауға жол жоқ. Осы кезде орыстың жақсы бір мақалы есіме түсіп кетті.
    "Кто хочет ищет возможности
    кто не хочет ищет причины".
    2 жыл бұрын