Жесірге «бару» сауап па?
Жесірге «бару» сауап па?

Жасы қырықтардағы кісі менен осылай сұрады. Дәлірек айтқанда, сұраған жоқ, мақұлдауымды өтінді: «Жесірге бару сауап қой, солай ма?».
— Сауап емес, керісінше үлкен күнә, анық зина, — дедім «дөрекі» сұрақтан жиіркеніп.
— Жұрттың бәрі солай деп жүр ғой.
— Көке, бетін аулақ қылсын, егер сіздің қарындасыңыз жесір қалса, есігінің алдында бөтен еркектер сауап аламыз деп кезекте тұрса, қалай қарар едіңіз?
Ол ішінен бірдеме деді де, үнсіз қалды. Өкінішке орай, мұндай әңгіме жігіттердің арасында да бар. Соларға жауап әрі насихат ретінде Абдуғаппар Сманов имамның әсерлі оқиғасын баяндауды жөн көрдім.

— Менің бір жолдасым қайтыс болды. Жүрген ортасына қарай, бір атыс-шабыста атып өлтіріп кетіпті. Досым болғандықтан, жаназасына бардым. Қабір басында айналамда өңкей көшенің бұзықтары отырып алған. Бір кезде менен сұрады:
— Осы, жесір қатындарға барған қалай болады? Сауап бола ма?
— Сауап болады! — деп еш күмәнданбастан жауап бердім. — Ертең әкең өлсе, шешең жесір қалады. Сонда, үйіңнің бір есігін ашып қой да, «сауап табатын жер» деп жазып қой. Сауапқа қарық боласың. Бір күнде шешеңе 10 еркек кіретін болса, сауапқа батып қаласың! — дедім. Сонда ол тапаншасын менің нақ маңдайыма тақады.
— Сен ата алмайсың! Намысы жоқ адам ата алмайды! — дедім. — Сен жесір дегенде кімді айтып жатырсың? Ертең сенің анаң жесір қалмай ма? Әпкең жесір қалмай ма? Қарындасың жесір қалмай ма? Сен өліп кетсең, қатының жесір қалмай ма? Егер күйеу балаң қайтса, қызың жесір болмай ма? Сенде мына бас жоқ (қолымен басына сілтеп), жай ғана есектің басына ұқсатып көтеріп жүрсің! — дедім.

Қазақта «жесірге бару сауап» деген сөз қайдан шыққанын білмеймін. Бірақ кім де болса, ел ішіне іріткі салып, халықты нілдей бұзғысы келгені анық. Ақыл-есі дұрыс адам мұндай сөзді айтпаса керек.

Сүйікті пайғамбарымыз хадисінде: «Маған зина жасауға рұқсат беріңіз», — деген бозбалаға қалай жауап бергенін еске түсірейікші. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін естіген сәтте бірден өре түрегеліп, оған дүрсе қоя берді. Сонда Алла елшісі сабырлы қалпын бұзбай, оны жанына отырғызып, былай деп сұрайды:
— Осындай нәрсенің анаңа жасалғанын қалар ма едің?
— Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа, Алланың елшісі, әрине, қаламаймын!
— Ешкім анасына мұндай жиіркенішті нәрсені қаламайды. Егер сенің қызың болса, оған осындай әрекет жасалғанын қалар ма едің?
— Жаным саған құрбан болсын, Алланың елшісі, еш қаламас едім!
— Ешбір жан мұны қызына тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?
— Жоқ, пайғамбарым, мұны да қаламаймын!
— Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?
— Жо-жоқ, қаламаймын!
— Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, — деген Алла Расулы қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Раббым, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтардан тазарт, намысын сақтауға жәрдемші бол!» — деп дұға етеді.

Міне, осылайша, жігітке ашуланбай, оның өрекпіген көңілін басып, зинақорлықтың жиіркенішті екенін осындай мысалдармен түсіндіріп, әкелік мейірім танытып, жанын жегі құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға етеді. Жас жігіт сол сәттен бастап өмірінің соңына дейін иманына дақ түсірмеді. Бұл хадистен ұғарымыз — өз анамызға, қыздарымызға, апа-қарындасымызға қаламайтын нәрсені бөтен әйелдерге де қаламауымыз керек.

Зина дейтін арсыз істің алты зияны бар. Оның үшеуі дүниеде, қалған үшеуі ақыретте орын алады. Дүниеде жүзеге асатындары: жүздегі нұр таяды; өмірі қысқарады; кедейліктен көз ашпайды. Ақыретте болатындары: Алла Тағаланың қаһарын туғызады; есебі ауыр болады; тозақ отында азапталады.

Өзім зинадан аулақпын дейтін адам айналасын да түзетуге тырыспаса, солардың басына келген апат оны да қоса алып кетеді. Қол қусырып отырғанда, өз отбасыңның бір мүшесі сол жолға ілесіп кетпесіне кім кепіл?! Көпшілік болып, бұл арсыздықты сөзімізбен, қолымызбен тоқтатуға ұмтылайық.

Мирас Кесебаев

жесірге бару сауап па
Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 3095
5 пікір
  • Білуімше бұл Абдғаппар Сманов ағамыздың видео уағызы емес па?
    Өз атыңыздан жариялағаныңыз қалай? Ең болмаса сілтеме жасамадыңыз ба?
    2 жыл бұрын
  • Мақаланы оқып шығыңыз.
    2 жыл бұрын
  • Жазба авторы, сізге Алла разы болсын! Алла тағала бала-шағамызды, ағайын-туысымызды, қазақтың ұл-қыздарын мұндай жиіркеніштен сақтасын! Алла тағала алапаттан, азабынан сақтасын! Баршамызды рақымына бөлесін! Келе жатқан қасиетті рамазан айы құтты-берекелі болсын! Алла тәубелерімізді қабыл алып, амалдарымызға мол сауаптан жазсын!
    2 жыл бұрын
  • Менде бір сұрақ юар. Дегенмен зина жасан адамға кешірім бар ма? Шын көңлңмен жүрегімен өкінсе?
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
96437 68 183 1953 96