Жануарды қорғау – жұмағың, қорлау – тозағың
Жануарды қорғау – жұмағың, қорлау – тозағың

Жан-жануар, аңдар мен жәндіктер – табиғат деген алып үйдің бір кірпішін құрайтын бөлшектері, экологияда айрықша орны бар жаратылыстар. Бір кірпіші босаған үйдің уақыт өте келе өзге кірпіштері де кетіліп, ақырында үйді жарамсыз ететіні белгілі. Сол секілді жануардың бір түрін жою – өзге түрлердің өзгеруіне, азайып не көбеюіне алып келеді де табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Бұны бәріміз 1-сыныптан «Табиғаттану» пәнінен білеміз.

Ал адамзат соңғы 500 жылда 900-ден астам жануар мен өсімдік түрлерін жер бетінен жойып жіберуімен қоймай («Табиғатты қорғау халықаралық ұйымының» мәліметінен), соңғы ғасырда аң мен малға азғындық жасауда шектен шықты. Қытай мен Кореяда ит пен мысықты, балықты тірідей пісіріп беру үйреншікті жайға айналып барады. Енді қазір Алматының кейбір ресторандарында осы азап шақыратын іс ас мәзіріне енгізіліпті. Қытай мен Кореяда клиенттердің көз алдында тірі итті пісіреді. Аспазшылардың айтуынша, ит не мысық неғұрлым қатты қиналса, соғұрлым дәмді шығады екен. Яғни жанын көзіне көрсетіп қуырғанда жануардан көп мөлшерде адреналин бөлінеді.

Балықтың басын сүлгімен жауып немесе аузына мұз толтырып, құйрығын майға шыжғырады. Тілі жоқ жануар қалай шыңғырсын, шегіп жатқан азабын бадырайған көзімен білдіреді екен. Солай жартылай піскен, жартылай тірі балықты клиенттің алдына әкеліп, ол болса сүйсініп жейді.

Қазіргі қала тұрып, ауылдың сәнқой апалары мен әйелдеріне дейін киіп жүрген қара күзеннің (норка) тонының қалай жасалатынын білесіз бе? Бір тон жасауға 40-42 күзен ауланып, терісі тірідей сыпырылып алынады. Сонда ғана тері мен жүні жылтырап, тауардың  әрін келтіреді.

Қарап отсаң, құдайды ұмытқан адамнан кез келген қатыгездік шығады. Біздің қазақ Қытайдан келген әрбір нәрсені өзіне жаңалық етіп еті үйрене берсе, кейін қытайлықтардың шарананың етін пісіріп жейтін айтуға аузы бармайтын әдетін де қабылдап кетпесіне кім кепіл.

Дархан мейірімі жан-жануарларды да қамтыған Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Егер сендердің жануарларға жасаған қиянаттарың кешірілсе, онда көп күнәдан арылатын едіңдер» деген. Адамдар барлық жаратылысқа Алла Тағаланың жаратқаны деп мейірім танытуы қажет. Бір ибалы әйелдің мысықты ас-сусыз қалдырғаны үшін жәһәннамға атылғанын және әдепсіз бір әйелдің әбден шөлдеген итке құдықтан аяқ киіміне су алып шығып беруі арқылы жәннатқа кіргені жайлы оқиға көпшілігімізге таныс.

Бір пайғамбар әдейі я байқаусызда құмырсқаларды өртеген еді. Бірақ артынша дереу Аллаһтан «маған зікір ететін тұтас бір қауымды өртедің» деген сөгіс естіген-ді. Осы секілді оқиғаларды бізге жеткізген Алла Елшісі сахабаларын да лайықты түрде тәрбиелеп шығарды. Нәтижесінде олар тіпті жолдағы титтей құрт-құмырсқалар аяқ астында қалмасын деп сақтық жасап, жүрген кездерінде аяқтарына қоңырау тағып жүретін болған. Құмырсқаны да басуға қимаған бұл адамдар басқа кісілерге қиянат жасауы мүмкін бе? Ондай қатыгездікке баруы әсте мүмкін емес! Мына оқиғаға зер салайық.

Пайғамбарымыз бір жорықтан қайтып келе жатқан кез болатын. Тынығу үшін оңаша жерге тоқтаған кезінде сахабалардың кейбірі бір құстың ұясын көріп, ұядағы құстың балапанын алып қызықтай бастады. Дәл осы кезде аналық құс келіп, балапандарын олардың қолында көрісімен, шырылдап айналып ұша бастады. Алла Елшісі осыны көрісімен, қатты ашуланып, сахабаларға қолындағы балапандарын тез ұяға қоюларын әмір етті.

Ибн Аббас былай дейді: «Алла Елшісімен бірге бір жаққа кетіп бара жатқан болатынбыз. Бір адам соятын малдың аяқтарын байлап, көзінше пышағын білеп жатқанын көрдік. Сол кезде пайғамбар ол адамға жақындап барды да: «Оны бірнеше рет өлтіргің келді ме?» – деді. Бұл оған айтылған ескерту болатын (яғни, пышақты көзінше қайрама дегені).

Абдуллаһ ибн Жәфар айтады: «Алла Елшісі бірнеше сахабамен бірге бір бауға кірді. Баудың бір шетінде өте арық түйе тұрған болатын. Ол түйе Алла Елшісін көрісімен, жанарынан мөлтілдеп жас аға бастады. Екі әлем Рақымы дереу түйенің жанына барды. Біраз уақыт түйенің жанында тұрды. Содан кейін түйенің иесін шақырып алып, малға жақсылап қарауын қатаң ескертті».

Алла Тағала кейбір адамдардың жаннатқа кіруіне негізгі себепті жан-жануарға байланысты етіп қояды. Әділеттілігімен әйгілі Омар халифа қайтыс болғанда араға бірнеше ай салып, баласы Абдулланың түсіне кіреді. Екеуінің арасында мынадай диалог өрбиді. Омар:

- Осыншама уақыт бойы Алла Тағалаға есеп бердім.

- Қай амалың үшін кешіріп, жәннатқа кіргізді? – дейді Абдулла.

- Бір күні көшеде келе жатқанымда балалардың кұйтымдай құсты ұстап ап, жіппен матап, ойнап жүргенін көрдім. Дереу құсты олардан сатып алдым да жібін шешіп, босатып еркіне қоя бердім. Алла Тағала осы амалым үшін мені кешіріп, мейіріміне бөледі, - дейді Омар Фаруқ.

Ұққанымыз, ешкімнің ешқандай тірі жанды азаптауына, ұрып соғуына құқы жоқ. Мысық пырылдап, Ар-Рахманға зікір етеді, балықтар ислам ғалымдары үшін дұға етеді. Жанды-жансыздың бәрі өз тілімен Раббымызға құлшылық етеді. «Малды басқа ұрма» деп тыйым еткен, су ішіп тұрған аңды атпаған қазақтың баласы, өркениет деп жүріп өскен ортамызды ұмытпайық. 

Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 841
5 пікір
  • Жануарды бекерге қинауға болмайды. Кезінде бір күнәһар әйел қатты шөлдеген итке ерінбей су ішкізіп жәннатқа лайық амал жасағаны туралы қисса үлгі аларлық.
    2 жыл бұрын
  • киік қынадай қырылып жатыр қазақ даласында гептилдің әсері емес пе
    2 жыл бұрын
  • балықты көөзін бақырайтып қойып қучырғандарды алла тозағында шыжғырсын
    2 жыл бұрын
  • масқара
    2 жыл бұрын
  • Жақсы мәселе көтеріп отырсыз. Ғибрат аларлық екен. Жануарға жаны ашымаған адамға жаны ашымайды.
    2 жыл бұрын