Атеистпен әңгіме
Атеистпен әңгіме

Ол кісі жас 80-нің сеңгіріне шыққан қазақ. 40 жыл бойы мұғалім болып, физика пәнінен дәріс берген. Физиканың ғажайып заңдылықтары жайлы әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Ғаламның адамның миына сыймас өте бір дәлдікпен орналасуы, Жер ғаламшарының 23,5 градусқа көлбеу орналасқаны себепті төрт мезгілдің алма-кезек ауысуы, Айдың күн түскен беті от-жалын, көлеңке жағы аяз-боран екендігі, Жердің Күннен қашықтығының сәл ауытқуы бүкіл тіршілікті күйдіріп не мұз қылып жіберетіндігі, әрбірінде миллиардтаған жұлдызы бар миллиард галактика бар және олардың бір-бірімен соғыспай өз орбитасында ғана айналып жүретіні жайлы керемет сұхбат жасадық. «Бұның бәрі Алла Тағаланың теңдессіз жаратып қойғаны ғой» деп нүкте қойғым келген.

- Әй, қайдам. Білмеймін, - деп бетін басқа жаққа бұрды. Мен аң-таң боп қалдым.

- Бүкіл нәрсені, сіз бен бізді, бәрін Алла жаратты ғой.

- Ешқандай Алла емес, табиғат жаратты.

-  ...

- Мен ешбір религияға сенбеймін. Інжілді, Тәуратты, Забурды, Құранды оқып шықтым. Бірақ ешқайсысын қабылдай алмадым. Әрқайсысы әртүрлі айтады.

- Көке! Құраннан басқа кітаптар адамдар тарапынан өзгертілген. Олардың түпнұсқасының мазмұны түгел Құранда қамтылған. Сіз Құранды ғана оқысаңызшы.

- Оқығаннан енді пайда жоқ. Еврейлердің кітабында еврейлер, христиандардың кітабында христиандар, Құранда мұсылмандар жұмаққа барады деген. Қайсысына сенесің. Құдай бар болса, дұрыстап, жүйелеп, анығын айтпай ма?

- Айттым ғой, басқа киелі кітаптар өзгертілген деп. Қазіргі шатасқан сенімдегілер емес,  анығында шынайы христиандар мен шынайы сенімдегі еврейлер жұмаққа кіреді. Мұсылман онсыз да жаннатқа кіреді.

- Өзгеретін болса, Құдай неге өзгеруіне жол берді? Ақылға сыймайтын нәрселер.

- Құранда Алла Тағала айтқан: «Кімде кім Исламнан басқа дін іздесе, онысы қабыл етілмейді».

- Бәрібір. Ешқандай дінге бүйрегім бұрмайды.

- Көке, сіз өзі бір Аллаға сенесіз бе?

- Жоқ.

- Құдайдың бар екеніне сенбейсіз бе сонда?

- Менің сенетінім – барлық нәрсені табиғат жаратты.

- Көке, өзіңіз ойлаңыз. Мына фотоаппаратты кім жасады?

- Өзінің мамандары жасады да.

- Иә, солай. Енді мына тұтас ғаламды, Күн мен Жерді, жұлдыздарды да жасаған біреу бар ғой.

- ... (ерні жыбырлап, бетін бұрын әкетті)

- Көке, қойдың құмалағына не ізіне қарап, сол жерден қойдың жүріп өткенін білеміз.

- Иә.

- Енді айналаңызға қараңызшы. Табиғатыңыз бар, аспан пен жеріңіз бар, миллиардтаған галактика мен жұлдызыңыз бар. Демек бұл жерден біреу жүріп өткен ғой?

- Әй, білмеймін. Мен білсем, бәрін табиғат жаратты.

- Бірақ...

- Жарайды, мен кеттім. Уақытым жоқ.

Ата асығыс киінді де кетіп қалды. Өмірімде алғаш рет құдайға сенбейтін атеистке жолығып тұрмын. Бұрын ойлаушы едім, атеистке жолықсам, оның барлық догмаларының быт-шытын шығарамын деп. Енді ойлап отырмын, мүмкін Алла оның ниетіне қарай иман нәсіп етпеген шығар. Әлде менің аяқ астынан ойыма келген мысалдарым тым әлсіз немесе орынсыз болды ма екен?!

атеист
Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 550
1 пікір
  • Ол кісіге Алла хидаят берсін дейміз! Негізі Алла Тағаланың Бар әрі Бір екендігінің дәлелі "Ықылас" сүресі ғой. Құранға сенбегеннен кейін бірнәрсе деп айту қиын. Тура жол нәсіп етсін!
    2 жыл бұрын