Арсыз жарнамаға заңмен тыйым салынсын!
Арсыз жарнамаға заңмен тыйым салынсын!

Ұят өлді…

Қоғам бұзылып барады. Үйде теледидарда кинода жалаңаш әйел, бес минут сайын берілетін жарнамада кез келген тауарды жарнамалап жатқан жалаңаш әйелдің тәні, көшеге шықсаң, үлкен билбордтарда жалаңаш әйел, дүкендердің сыртында да жалаңаш әйел…

Еті үйреніп, жүрек деген асыл ұяда ұят өлгендіктен, үлкендер тәйт деуден қалып, жастар ашық-шашық киінуді сәнге айналдырды. Отбасы құндылығы жойылды. Кезінде дастарқан басында, теледидардан қыз баланың қолынан ұстап, маңдайынан сүйіп жатса, көзін төмен түсіретін ұл мен қыз, бірден басқа арнаға ауыстырып жіберетін әке-шеше – бүгінде бірге отырып «голые и смешные» көреді, бірінен-бірі асырып рахаттана күледі…

Көне гректерді, ежелгі римдіктерді, парсы өркениетін картадан жойып жіберген арсыздық біздің қоғамды да құртар ма екен?? Бір өлкеде арсыздық жайылса, Жаратушы сонда табиғат апаттарын жібереді. Ол апат адамдарды жақсы-жаман деп талғамайды, бәрін әкетеді.

Жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю – әрбір адамның парызы

Жеке адам ретінде, отбасы ретінде, қоғам, ұйым, халық ретінде жарнамаларда, қоғамдық орындарда әйел мен ердің ашық-шашық жарнамалануына тыйым салатын заң шығарылсын. Жалпы ұлт болып жамандықтың таралуына қарсы шығайық. Жарнамалар арнайы мамандардың сүзгісінен өтіп барып жариялансын. Қоғамдық орындарда жалаңаш әйел мен ер бейнесі бейнеленген жарнамалар сырылып алынсын. Заң қабылданып, оны бұзғандарға өте үлкен көлемдегі айыппұл не сол заңды тұлғаны лицензиясынан айыру секілді жазалар қарастырылсын.

Көрші Өзбекстанда сахнаға жартылай жалаңаш киіммен шығуға, теледидарда жалаңаш кадрлары бар бейнебаяндарды беруге заңмен тыйым салынған.

 Ұят өлген жерде иман болмайды. Ар алындағы борышымыз ретінде арсыздыққа бірге бас көтерейік. Әйелдің жалаңаш бейнесін көріп өскен ұрпақ сапасыз, санасыз ұрпақ болып шығады. Әйел зорлау, мектеп партасында жүкті болу, түсік жасату, ұятсыздық әрекеттер, тексіздік сынды індеттер жайылады. Аты беймәлім аурулар тарайды. Бұлақтың ағынындағы ластықты емес, қайнарын тазалап бастау қажет.

Өзіңді өзгертпесең, Құдай өзгертпейді

Жақсылыққа ұмтылып, ұжданға қызмет ету жолына тырысқан қауымға басқа да игіліктердің жолы ашылады. Теледидардан, көшеден арсыз жарнамаларды жоя алсақ, қоғамда зорлауға қатысты қылмыс азаяды. Балалардың санасы таза, ойы жүйрік, зердесі зерек, өмірде алғыр болып өседі. Ер балалар лицейінің білім мен тәрбиеде әлем мектептерінен неге озық екенін білесіз бе? Өйткені ондағы ұлдарды сабақ үстінде назарын аудартатын қыздың даусы, бейнесі, жүрісі жоқ. 100% білімге зейін қою!

Исламда белгілі, харамға, яғни тыйым салынған ұятты жерлерге қарау – адамның есте сақтау қабілетіне зиян тигізеді, санасын тұмшалайды. Құран жаттаған қарилардың көздері харамға түссе, жаттап алған кейбір сүрелерін ұмытады. Себебі, харам – қара дақ, қараңғылық, ал ілім – нұр. Дақ түскен орынға нұр қонбайды.

Орыс қоғамында резонанс тудырған атақты да білікті дәрігердің зерттеу кітабынан үзінді бергеніміз жөн болар.

Әскери психолог, дәрігер, академик, профессор Леонид Китаев-Смык: Әйелдің жалаңаштануы ұлтты жояды

Соңғы он жылда Еуропа мен Америкадағы ер-азаматтар қуық бездерінің қабынуы мен рак сияқты ауруларға жаппай шалдығып жатыр. Қазір әлемдегі еркектердің тең жартысынан аденома табылып отыр. Ал АҚШ-та паталогоанатомдар еркектердің 80 пайызынан осы дерттің белгілерін анықтады. Олардың көбі ауруының асқынған шағына жетпей қайтыс болған екен. Бір қызығы, мұсылман елдеріндегі ер адамдар арасындағы онкологияда мүлде өсім жоқ.

Соңғы он жылда мода әйел денесінің әуретін көрсетіп, оны жаппай жалаңаштап жатыр. Денесіне жабысқан джинсы кию сәнге айналды. Бұның барлығы еркектің нәпсісін оятады. Қалада өмір сүретіндер күніне осындай 100-200 әйелге сұқтанып қарайды екен. Осыдан кейін кез-келген еркекте құмарту сезімі пайда болады. Іске аспаған құмарлық сезімі қандағы андрпогеннің көлемін көбейтеді..Бұл түбі әртүрлі ауруларға алып келеді. Өйткені ол адамды іштей жегідей жейді. Соңында терең күйзеліске түсіреді.

Қалмахан Ержан, дінтанушы: Исламда арсыз бейнеге тыйым салынған

Асыл дінімізде әйелдің не ердің ұятты жерлерін көрсетуіне қатаң тыйым салынады. Себебі мұндай арсыз қылық қоғамды бүлікке бастап, отбасыларды күйретеді. Қасиетті Құранда «Нұр» сүресінде: «(Ей, Мұхаммед!) Мүміндерге айт: бөгде әйелдерге сұқтанып көз сүзбесін, абұйырларын (ұятты жерлерін) ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында, Алла Тағала олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт: жат еркектерге көз сүзбесін, абұйырларын жапсын…», – деп, Алла Тағала еркектерге де, әйелдерге де харамға көз салмауды, ұятты жерлерін арсыздықтан сақтауды бұйырғанын көреміз.

Ашық жарнамаларға еті үйренгендіктен, қазіргі таңда жастарымыз заман талабы осы екен деп, жартылай жалаңаштанып жүруді сәнге айналдырып алған. Бұл да зинақорлыққа бастайтын жолдардың бірі. Өйткені, «көзің көрсе – көңіл ауып қалады, көңіл ауса – кімдер ұстай алады!?» дегендей нәтижесінде, бөгде ер не әйел адамдардың күнә жасауына жол ашылады. Ардақты елші (Алла Тағаланың сәлемі мен игілігі болсын) өзіне әлдебір мәселе бойынша келген жас әйелге көз алмай қарап қалған жанындағы жас сахабаның бетін қолымен басқа жаққа көлегейлеп, оны күнәдан қақпайлады.

Адам кейде харам нәрсеге немесе ашық денеге еркінен тыс көз салып қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден, сол сәтте көзін тайдырып әкетуі тиіс. Оның жөні бөлек. Алайда одан соң екінші рет қайта қарамауға күш жұмсауымыз керек. Ол оңай шаруа емес. Бірақ күш-қуатты тек Алла береді. Адам тек ниет етсе болғаны.

Балауса Орымбетова, №76 мектептің психологы: Бала жарнаманы дұрыс деп қабылдайды

Жарнама берушілерге әйелдің ашық бейнесін қолдану өте тиімді. Себебі соңғы зерттеулерден белгілі, әйелдің ашық бейнесіне ерлер ғана емес, әйелдердің де көздері түседі. Бір әйелдің ашық-шашық киінуі тұтастай қоғамның бүлінуіне әкеледі. Мұндай жарнаманың бала психологиясына тигізетін зиянды әсері орасан. Себебі саналы иманды ер кісі ұятсыз бейнеге көзі түскенде, бірден тайдырып әкетуі мүмкін. Ал бала деген, керісінше, жарнамада көрген нәрсесін дұрыс деп ұғады. Әлі жақсы мен жаманды айыру қабілеті қалыптаспаған бүлдіршін қоршаған ортадағы барлық құбылысты қалыпты деп қабылдайды. Баланың санасы жазылмаған ақ парақ секілді. Сезім мүшелері қабылдаған ақпараттар онда өшпестей етіп жазылады да баланың мінез-құлқына, іс-әрекетіне әсер етеді.

Бала ұятсыз жарнаманы көрді делік. Ары қарай не болады?
Баланың құмарлығы оянады. Өзіне беймәлім нәрсені танығысы келеді. Ең өкініштісі, қазір кез келген оқушының қолында ұялы телефон әрі интернетке қолжетімділік бар. Ал интернеттің 70%-ы бейәдеп сайттарға, суреттерге, бейнероликтер мен фильмдерге толы. Әдепсіз суретті көргенде пайда болған қызығушылық осы арсыз ақпараттарды шолуға алып келеді. Адамның миында құмарлық кезінде дофамин деген гормон бөлінеді. Бұл гормон әрқашан жеткіліксіз секілді сезіледі. Яғни, жеткіншек әр жолы алдыңғы көрген арсыз бейнебаяннан да зорын көргісі кеп тұрады.

Мұның нәтижесі қайда апарады?

Дер кезінде психологтың көмегіне жүгінбесе, ондай бала ауыр кадрлары бар, қалыптан тыс киноларды көруге дейін барады. Нәтижесінде психикалық ауытқуға ұшырап, қоғамға қауіпті педофильдер (жас баланы зорлаушылар), садо-мазохистер (аяусыз қинаудан ләззат алушылар), зоофилисттер (ит, т.б. жануармен қатынасқа түсушілер) пайда болады. Бүгінгі қоғамымызда педофильдердің көбеюін осымен түсіндіруге болады: алдымен сурет көреді, суреттен бейнебаянға көшеді, ол жерден көргенін өмірде жасап көруге ұмтылады, құмарлыққа агрессия қосылады. Бұл үлкендерде болатын процесс. Ал біз баланы мұндай әдепсіз суреттерге балғын кезінен үйретіп жатсақ, үлкейгенде қандай тұлға боп шығады?

Жыныстық тәрбие қазақ отбасында қалай болуы тиіс?

Қазақтың бұрыннан бергі тәрбиесін құптаймын. Балаға жаман нәрсенің жаман екенін айтып ұғындыру керек. Бірақ, ол жайлы кең мағлұмат беру керек емес. Өйткені, ол жағдайда керісінше баланың қызығушылығын тудырады.

Айман Исаева, 3 баланың анасы: Балаларды арсыз жарнамалардан барынша аулақ ұстағым келеді

Ашық жарнамалар қоғамға келген індет болды. БАҚ табысы сол болғандықтан, клиент жарнаманы қалай бергісі келсе, солай мүлтіксіз орындауда. Мәселен, теледидарда, көшедегі баннерлердегі жарнамаланған өнімдер тек әйел заты үшін секілді, бәріне әйелдің ашық суретін салып қояды. Өсіп келе жатқан үш ұлым үшін уайымдаймын. Енді ой-өрісі, психологиясы, организмі дамып келе жатқан бүлдіршіндерге осы ашық жарнаманың тигізер зияны шексіз. Ұятты, арды, тектілікті жоятын осы жалаңаштық өскелең ұрпақтан басталады емес пе, ал біз «балам, көрдің бе мынаны» деп санасын улап жатырмыз. Көзіміз әбден үйренгені сонша, сән, мода деуге көштік. Қатты қорқатыным – болашақтың тірегі саналатын кішкентай балдырғандардың көз алдына әкеліп бәрін ашып қойдық. Үйде тәрбиелесек те, сыртқы ортасы ашық жүруді насихаттап жатыр ғой. Балаларды арсыз жарнамалардан барынша аулақ ұстағым келеді. Жарнамалар арнайы сүзгіден, тексеруден өтіп барып, жарияланса деймін.

Түйін: Жамандықты көрсең, қолыңмен түзет, оған шамаң келмесе, тіліңмен түзет. Оған да әлің келмесе, жүрегіңмен жек көр. Жайбарақат өтіп кетпе. Өз үйім оттан аман деп отырғанда, от өз үйіңізден шықпасын. Жақсылықта бір-бірімізге көмек беріп, жамандыққа бірге қарсы тұрайық. Көпшілікте күш бар. Арсыз жарнамаға тыйым салатын заңнамаға қол жеткізіп, қоғамымызды іріткіден тазаласақ, келер ұрпақ және өз ұл-қызыңыздың рахметіне бөленетініңізге сенімдімін.

Мирас Кесебаев

ұятсыз жарнама, ашық шашық жарнамалар, жарнамаға тыйым салу
Miras KesebayMiras Kesebay
2 жыл бұрын 1620
1 пікір
  • Өте өзекті мәселе Мирас. Мен Қарағанды да тұрам. Бізде бір "Тайр" сауда қаласы деген үлкен сауда орталығы бар. Құдай сақтасын ішінен кірсеңіз бутиктердің қабырғаларына тұтастай жартылай шешінген, құмарлыққа елтіген бейнедегі әйел мен ерлер бейнеленген. Арсыз суреттерден көзің талады. Осыған бір тыйым салса дейтін едім. Шынымен де ашық арсыздыққа шақырады. Неге осы тақырыпты жер жерде көтеріп, реттеп алмаймыз.
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
96437 68 183 1953 96